Мәжілісте Акваөсіру туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер таныстырылды. Жиын Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінде өтті. Заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев жобаның мақсаты жаңа өндіріс орындарын құру және жұмыс істеп тұрған өндірістерді ұлғайту, бәсекеге қабілетті және қауіпсіз өнім көлемін арттыру арқылы акваөсірудің тұрақты дамуын қамтамасыз ету екенін атап өтті. Жобаның негізгі міндеттеріне заңнамалық базаны қалыптастыру, экономикалық жағдайлар мен мемлекеттік қолдау, ғылыми және кадрлық қолдау, халықтың балық өнімдерін тұтынуын арттыру, экспорттық әлеуетті арттыру кіреді. – Акваөсіруді цифрландыру мақсатында мониторингтің ақпараттық жүйесін енгізу жоспарлануда. Онда акваөсірудің даму жай-күйін бағалау, мемлекеттік ынталандыру шаралары, сондай-ақ су айдындарын паспорттау, су айдындарын бекіту жөніндегі конкурстарды өткізу нәтижелері, акваөсіру субъектілерінің тізілімі туралы мәліметтер қамтылады. Тұтастай алғанда, жүйе көлеңкелі айналымның алдын алуды қамтамасыз етеді, – деді Н.Шәрбиев. Бұдан бөлек заң жобасында акваөсіруді жүргізу үшін су айдындарын конкурстық негізде және конкурссыз бекітіп беру тәртібі көзделген. Су айдындарын аукциондық сауда-саттық тәсілімен электрондық портал арқылы конкурстық негізде жүргізу ұсынылады. Бекіту мерзімі 5 жылдан 25 жылға дейін. Депутаттар баяндаманы тыңдаған соң сұрақтарын қойып, өз ұсыныстарын ортаға салды. «Акваөсіру туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді, жобаға қатысты ұсыныстарды талқылау жұмыс тобында жалғасады. Оған Экология және табиғи ресурстарды басқару комитетінің мүшесі Сергей Пономарев жетекшілік етеді.
Ақпарат көзі: https://www.parlam.kz/kk/mazhilis/news-details/id50940/1/1
Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі