Осы жылдың 3-4 желтоқсан күндері Дубай қаласында (Біріккен Араб Әмірліктері) Орта Азия елдерінің парламентарийлері және Сыртқы істер министрліктері өкілдерінің қатысуымен климаттың өзгеруі мәселелері бойынша 10-шы кездесуі өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті атынан Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі ретінде мен Е.Ж.Сатыбалдин қатыстым.
Соңғы рет аталған тақырып бойынша кездесу 2023 жылы сәуір айында Ташкент қаласында (Өзбекстан Республикасы) өтті.
Бұл жолы іс-шараға:
- Қырғызстан Республикасы Жогорку Кенешінің;
- Тәжікстан Республикасы Маджлиси Намояндагон Маджлиси Оли;
- Түркменстан Республикасы Меджлисінің;
- Өзбекстан Республикасы заң шығару органы және Сыртқы істер министрліктерінің өкілдері қатысты.
Жиын барысында әр мемлекет тарапынан әлемдік климаттың өзеруі, оның ішінде Орта Азия елдеріндегі экологиялық мәселелер, онымен күресудің жолдары, бағыт-бағдары мен жоспарлары туралы өз ойларын ортаға салды.
Әрбір ел климаттық сын-қатерлерге жалғыз төтеп бере алмайтынын түсінеді. Сондықтан климаттың өзгеруіне бейімделу және осы өзгерістердің салдарын азайту мәселелерінде аймақтық ынтымақтастықта жұмыс істеуге мүдделі екендіктерін білдірді. Атап өтсек, Арал теңізінің экологиялық жағдайы Орта Азия елдері үшін ортақ мәселе ретінде қаралды. Қазақстан мен Өзбекстан үшін шөл далалардағы дауыл мен құйындардың қоршаған ортаға әсері, Тәжікстан мен Түркіменстан үшін мұздықтардың еруі ортақ мәселеге айналып отыр. Сонымен қатар өндірістегі улы заттардың қоршаған ортаға таралуы да кеңінен талқыланды. Осыған орай, бұл бағыттарда Орта Азия елдері ғылыми бағытта жұмыстарды басқосып, бірге атқаруды қолға алуы тиіс деп келісілді. Бұл мақсатта «Орта Азия дауысы» деп аталатын құжат жасалып, оның аясында қажетті іс-шаралар мен жұмыстарды атқарылатын болады деп шешілді.
Сонымен қатар, отырыс барысында мен өз баяндамамда елімізде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен мәлімдеме жасадым. Оның ішінде, біз климаттың өзгеруіне бейімделу процесін ең осал төрт секторға – су ресурстарына, ауыл шаруашылығына, орман шаруашылығына және табиғи апаттар қаупін азайтуға заңнамалық тұрғыдан реттегеніміз, 2 жыл бұрын Экологиялық кодекстің жаңа редакциясын қабылдап, онда осы секторларда климаттың өзгеруіне төзімділікті арттырудың тиімді жүйесін құрудың заңнамалық негізі қарастырылғанын атап өттім.
Су тапшылығы проблемаларын шешу үшін қазір Қазақстанда жаңа Су кодексінің жобасын қарауға дайындалып жатыр, осы Кодексте су ресурстарын тиімді пайдалану және есепке алу мақсатында су үнемдеу технологияларын енгізу, су өткізгіш жүйелерді цифрландыру жөніндегі шараларды міндетті түрде қарастыруды көздейміз. Трансшекаралық су ағындары мәселелерінде елдеріміз арасындағы өзара түсіністік пен өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға үміттененімізді мәлімдедім.
Сонымен қатар, еліміздің экономикалық дамуының негізгі үлесін құрайтын табиғи қазбаларға тәуелділігіне қарамастан, Қазақстан Париж келісімінде айқындалған жаһандық температуралық мақсатқа қол жеткізудегі жалпы жауапкершілікті мойындайтынын, Қазақстан алдына 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу туралы мақсат қойғанын баяндадым.
Биылғы жылдың ақпан айында Қазақстан энергетика, көлік, қалдықтарды басқару, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы сияқты экономика секторларын декарбонизациялау және дәйекті трансформациялау жөніндегі жалпыұлттық тәсілдерді, мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағытын айқындайтын Қазақстанның 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын бекітті.
Мәжілістің өткен отырысында біз Франциямен жаһандық жылынуға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты іске асыру туралы келісімді ратификациялауды қабылдадық. Бұл мемлекетаралық құжатта іске асырудың бірінші кезеңінде Жамбыл облысында қуаты 600 МВт / сағ дейінгі энергияны жинақтау жүйесін пайдалана отырып, қуаты 1 ГВт гибридті жел электр станциясын салу көзделген.
Сондықтан 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 15% - ға қысқартуға қол жеткізу біз үшін өте нақты болып көрінетінін жеткіздім.
Қорытындылай келе, Қазақстан қабылдап жатқан шаралар климаттың өзгеруін бәсеңдетуге және оның салдарын жеңілдетуге ықпал етеді деп сенетінімізді, сондай-ақ, Орталық Азия бойынша әріптестеріміз де осы мақсатқа жету үшін шаралар қабылдауда деп үміттененімізді, өйткені климаттың өзгеруіне байланысты жаһандық проблеманы шешу барлық мүдделі тараптардың белсенді қатысуын және тартылуын талап ететінін айтып өттім.
Өз тарапымыздан біз өз елдеріміздің Париж келісімінің мақсаттарына қол жеткізу саласындағы ынтымақтастығын кеңейту үшін белсенді өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екенімізді мәлімдедім.