Сатыбалдин
Ерболат
Жалғасбайұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі З.Б. Сүлейменоваға Ұлытау-Жезқазған өңіріндегі экологиялық ахуал туралы сұрау салу хаты

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі

З.Б. Сүлейменоваға



Құрметті Зүлфия Болатқызы!


Өткен жылы Ұлытау-Жезқазған өңіріндегі экологиялық ахуал жөнінде ведомствоаралық комиссия құрылған болатын. Аталған комиссия өкілдері Жезқазған қаласына келіп, топырақтан, ауадан және судан сынамалар алынды. Одан кейін Комиссияның бірнеше отырыстары өткізілді. Комиссия жұмысы барысында анықталған жағдайлар, біріншіден, экологиялық сынамалар алатын құрылғылардың өте ескілігі, екіншісі сол алынған сынамаларды тексеру нормативтерінің ескіргендігі. Осы жылдың 4 сәуірінде Сізге Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің отырысында мен осы сұрақтарды қойдым.

Сіз жауабыңызда нормативтердің Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының денсаулық сақтау нормативтеріне сәйкес келмейтінін және сәйкестендіру бойынша жұмыстардың жүргізіліп жатқанын айттыңыз. Сынама алу құралдарының ескі екенін мойындап, оларды ауыстыру жөнінде Үкіметтен қосымша қаражат сұрап, ұсыныс жасалғаны туралы хабардар еттіңіз.

Сонымен қатар Ұлытау-Жезқазған өңіріне Байқоңыр ғарыш айлағының тигізетін экологиялық әсері және онкологиялық аурулардың өсуіне байланысты құрылған комиссия жұмысын 2024 жылдың аяғына дейін жүргізетінін және комиссияның жұмысының нәтижесінен кейін біздің өңірдің экологиялық апат аймағына кіруі жөніндегі сұрақ қаралатынын да айтып өттіңіз.

Жақында Сіздің Министрліктің ресми сайтында берілген ақпаратта «Экология және табиғи ресурстар, денсаулық сақтау, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің аумақтық бөлімшелері жүргізген сауда объектілерінде өндірілетін тамақ өнімдері, жер үсті сулары, топырақ, атмосфералық ауа мен радиация сынамаларының іріктеу қорытындысы бойынша Жезқазған-Ұлытау өңірінің аумағында радиациялық фонның асуы және атмосфералық ауаның ластануы тіркелмеген, бұдан басқа улы элементтердің (кадмий, қорғасын, мышьяк) және гептилдің артық көрсеткіштері анықталмаған.» деген мәлімет жарияланды.

Жоғарыдағы ақпараттың қайсысы дұрыс? Комиссия жұмысы жалғасып жатыр ма, 2024 жылы біте ме, әлде аяқталды ма? Ресми сайттағы ақпаратқа түсініктеме берсеңіз.



Депутат                                                                  Е.Сатыбалдин


ЖАУАП

Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің
депутаты
Е. Ж. Сатыбалдинге



2023 жылғы 14 сәуірдегі
№ 9-11-93 хатқа

Құрметті Ерболат Жалғасбайұлы!

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) Сіздің Ұлытау өңіріндегі экологиялық ахуал бойынша сауалдарыңызды қарап, келесіні хабарлайды.
Министрлік 2022 жылғы наурызда Қарағанды облысының Жезқазған-Ұлытау өңірінде Байқоңыр ғарыш айлағы қызметінің әсерінен онкологиялық аурулардың өсу себептерін зерделеу жөнінде ведомствоаралық комиссия құрды.
Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар, Денсаулық сақтау, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің аумақтық бөлімшелері жүргізген сауда объектілерінде өндірілетін тамақ өнімдері, жер үсті сулары, топырақ, атмосфералық ауа мен радиация сынамаларының іріктеу қорытындысы бойынша Жезқазған-Ұлытау өңірінің аумағында радиациялық фонның асуы және атмосфералық ауаның ластануы тіркелмеген, бұдан басқа улы элементтердің (кадмий, қорғасын, мышьяк) және гептилдің артық көрсеткіштері анықталмаған.
«Қазгидромет» РМК мен Экология департаменттерінің зертхана аспаптарының негізгі бөлігі тозған және ауыстыруды талап етеді. Алайда, мониторинг жүргізу барысында жұмысқа жарамды күйдегі аспаптар мен тексеруден өткен бақылау-өлшеу жабдықтары пайдаланылады. Зерттеуге тексеру сертификаттары бар аспаптар мен аккредиттелген зертханалар тартылған. Осыған байланысты ұсынылған барлық нәтижелер сенімді екенін атап өтеміз.
Ұлытау облысының Жезқазған-Ұлытау өңірінде онкологиялық аурулардың себептерінің, оның ішінде Байқоңыр ғарыш айлағы қызметінің әсеріне байланысын анықтау үшін ғылыми-зерттеу жұмыстарын тереңірек жүргізуді қажет етеді.
Сондай-ақ, Ұлытау облысы әкімдігінің 2022 жылғы 21 қазандағы №28/02 қаулысымен аумақты (акваторияны) зерделеу бойынша комиссия құрылды, яғни төтенше экологиялық жағдай аймағы немесе экологиялық зілзала аймағы деп жариялау мүмкіндігін қарастырылады.
«Экологиялық электрондық геоақпараттық жүйені қалыптастыра отырып, Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданы халқының қоршаған ортасы мен денсаулығының жай-күйін кешенді бағалау» ғылыми-зерттеу жұмысына (бұдан әрі – ҒЗЖ) техникалық тапсырманың жобасын әзірлеу кезінде ұсынысы бойынша Техникалық тапсырма жобасына Ұлытау облысының Жезқазған-Ұлытау өңіріндегі онкологиялық аурулардың себептерін, оның ішінде «Байқоңыр» ғарыш айлағының әсеріне байланысты мәселелер енгізілді.
Ағымдағы жылғы 16 қаңтарда ҚР Парламентінің Мәжілісінде Ұлытау облысының Жезқазған-Ұлытау өңірінде Байқоңыр ғарыш айлағы қызметінің әсері тұрғысынан онкологиялық аурулардың өсу себептерін зерделеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша екі комиссия жұмысын оңтайландыру мақсатында төтенше экологиялық жағдай аймағы немесе экологиялық зілзала аймағы деп жариялау болжанатын аумақты (акваторияны) зерделеу бойынша комиссияның шеңберінде жұмысты біріктіру қолдау тапты.
Онкологиялық аурулардың өсу себептерін зерделеу жөніндегі комиссия жұмысының мәні Техникалық тапсырмада интеграцияланғанын ескере отырып, Байқоңыр ғарыш айлағы қызметінің әсері тұрғысынан Ұлытау облысының Жезқазған-Ұлытау өңірінде онкологиялық аурулардың себептерін зерттеу жөніндегі комиссияның жұмысы аяқталды.
Бүгінгі күні Ұлытау облысының әкімдігі ҒЗЖ жүргізуге конкурс өткізді. Конкурс нәтижесіне сәйкес «Экосервис-С» ЖШС жеңімпаз ретінде анықталды.


Қазақстан Республикасы
Экология және табиғи Ғ. Азидуллин
ресурстар министрінің м.а.