Сатыбалдин
Ерболат
Жалғасбайұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Р.В. Склярдың атына депутаттық сауал

2023 жылы 15 мамырда жарияланды

Қазақстан Республикасы

Премьер-Министрінің бірінші орынбасары

Р.В. Склярға

Депутаттық сауал

Құрметті Роман Васильевич!

Халқымызда «Үйің жаман болса, күйің жаман» немесе «Үй болған соң: белбау да керек, желбау да керек» деген сияқты нақыл сөздер бекерге айтылмаған. Өйткені үй-жайы бар адам оны өмір сүруге қолайлы ету үшін өмір бойы оны күтіп-баптап өтеді. Дегенмен, қалалық елді-мекендерде өмір сүретін тұрғындар бірқатар күрделі мәселелерге жолығып отырады. Сондай мәселелердің бірі - елімізде ешқашан жыры бітпейтін көппәтерлі тұрғын-үй саласы екені баршаға мәлім. Көппәтерлі тұрғын-үйлердің жалпы жағдайы мен оны қамтамасыз етудегі қызмет көрсету саласы ел тұрғындарының бас ауруына айналғанына көп жылдардың жүзі болды.

Туындаған мәселелерді шешу мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, 2020 жылғы 7 қаңтардан бастап күшіне енгені баршамызға мәлім.

Нәтижесінде бүгінде елімізде «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ мәліметі бойынша 5 721 МИБ (меншік иелерінің бірлестігі) және 39 727 ЖС (жай серіктестік) тіркеліп, өз қызметтерін жүзеге асырып келеді.

Дегенмен бұл қадам да өзінің оң нәтижесін бере алмауда. Бұл туралы еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы жылдың 19 сәуірінде өткен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте сөйлеген сөзінде атап өтті.

Мысал келтіріп өтсек, Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында «Сәт-Тазалық» ЖШС мекемесі 2013 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 405 көп қабатты үйлердің инженерлік коммуникацияларын күтіп ұстау бойынша өзіне алған жауапкершілікті орындамауы салдарынан аталған мекеменің қарауындағы көпқабатты үйлердің үйге ортақ инженерлік жүйелері тозып, үй жертөлелері сын көтермейтіндей жағдайға жеткенін, мекеме қызметіне төленген қаражаттың да толық есебін ала алмағандарын қала тұрғындары хабарлады.  Бірақ Сәтбаев қаласының тұрғындары «Сәт-Тазалық» ЖШС мекемесін әлі күнге жауапкершілікке тарта алмай отыр және осы мәселеде ел Үкіметінен көмек сұрауда.

Мұндай жағдайлар еліміздің көптеген аймақтарында орын алып жатыр.

Осыған орай, жоғарыда келтірілген мәліметтер негізінде, еліміздегі тұрғын-үй қатынастарын жетілдіру мақсатында, тұрғын-үй қатынастары саласында тұрғындарға қызмет көрсетіп жатқан пәтер иелері кооперативтері, меншік иесінің бірлестіктері және сервистік ұйымдардың қызметіне, олардың қаржылық операцияларына тексеру жүргізуді сұраймыз.

Құрметті Роман Васильевич!

Өзіңіз білетіндей, «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға «Халықпен бірге» бағдарламасында «Біз бүкіл ел аумағындағы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын ауқымды жаңғыртуды іске қосамыз» деген ұстанымы бар. Осы ұстанымды жүзеге асыру мақсатында еліміздегі тұрғын-үй саласының күрделенген мәселелерін шешуді қолға алуды бастаймыз деп үміттенеміз.

Осы депутаттық сауалға заңнамада көзделген мерзімде жазбаша жауап беруді сұраймыз.

 «AMANAT» партиясы

фракциясының мүшелері                                          Е.Сатыбалдин

                                                                                         А. Әлтай

«Қазақстан Халық партиясы»

 фракциясының мүшесі                                              И. Смирнова