Сатыбалдин
Ерболат
Жалғасбайұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Ұлытау облысының тұрғындарын көмірмен қамтамасыз ету туралы

2023 жылы 6 қыркүйекте жарияланды

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрінің бірінші орынбасары

Р.В. Склярға

Депутаттық сауал

Құрметті Роман Васильевич!

Жылу маусымы басталысымен Ұлытау облысы көмір тапшылығын қатты сезінетін аймақтардың бірі. Іргесінен газ магистралі өтіп жатса да облысқа қарасты ауылдық елді мекендердің тұрғындары 100 % көмір тұтынуға мәжбүр. Бұл жерде облыстың ауылдық елді мекендегі әлеуметтік маңызы бар нысандарын (әкімдік, мектеп, ауруханалар, балабақшалар тб.) тек көмірмен жылытатынын ескерген жөн.  Дегенмен, биылғы жылы  "Шұбаркөл Көмір" АҚ ішкі нарыққа көмір босатпайтыны жөнінде хабарлама жасады. Осылайша іргесінде ірі көмір бассейні бар облыста жасанды көмір тапшылығы болу қауіпі туындап отыр.

Іргедегі Арселлордың тірлігі қайғы жұттырып отырғанда, халықтың несібесін аузынан қағып отырған Шодиев пен Машкеевичтің ойлағаны не? Бұл қазақты қорлау ма әлде көрсетілген доқ па?

Мысалы,  "Шұбаркөл Көмір" АҚ деректері бойынша 2022 жылы көмірдің өте үлкен көлемі Шұбаркөл Көмір қимасына жақын станциялардан (70,6 мың тонна) және Жаңа Қарағанды теміржол станциясынан (206,1 мың тонна) кері экспортқа шықты. Сонымен қатар, 2023 жылдың қаңтар - мамыр айларында Жаңа Қарағанды станциясынан халыққа арналған Шұбаркөл көмірінің шамамен 37,5 мың тоннасы экспортталған.

"Шұбаркөл Көмір" АҚ -мен тікелей келісімшарттары жоқ бейінді емес бизнес субъектілерінің сұранысы бойынша автосамосвалдар темір жол станциясына көмір тасып, оларға сатумен айналысуда. Яғни, бейінді емес бизнес субъектілері өз кезегінде әлеуметтік көмірді басқа елдерге жоғары бағамен экспорттап жатыр.

Ағымдағы жылыту маусымында қимада көмір алып кету пунктін жабу туралы қабылданған шешім халық арасында үлкен наразылық тудыруда.

Сондықтан облыс тұрғындары "Шұбаркөл Көмір" АҚ-да бөлімде алып кету пунктін ашуды талап етіп отыр.

Алып кету пунктін ашу жақын орналасқан өңірлердің (Қарағанды, Ақмола, Ұлытау облыстары) елді мекендерінде көмір тапшылығы қаупін болдырмауға және вагон паркіне жүктемені және ҚТЖ локомотив тартымын азайтуға мүмкіндік береді.

Құрметті Роман Васильевич, «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға «Халықпен бірге» бағдарламасында «Біз энергетика саласын реформалауды жалғастырамыз. Бұл ретте делдалдардан және олардың тарифтерге әсерінен құтылу қажет», деп нақты көрсетілген.

Осыған орай, жоғарыдағы жайттарды ескере келе:

-«Шұбаркөл», «Жалын» көмір орындары Ұлытау облысы тұрғындарын көмірмен қамтамасыз ету мақсатында көмірді босатуды жылу маусымы бойынша үзіліссіз ұйымдастыруына;

-Ұлытау және Жаңаарқа аудандарының ауылдық елді мекендеріндегі әлеуметтік маңызы бар нысандар (әкімдік, мектеп, ауруханалар, балабақшалар тб.) үшін көмір босатуға және тасымалдауға ықпал етуіңізді сұраймыз.

Бұл депутаттық сауалға заңнамада көзделген мерзімде жазбаша жауап беруді сұраймыз.

«AMANAT» партиясы

фракциясының мүшелері                                                      Е.Сатыбалдин 

                                                                                                     А.Әлтай