1 шілдеден бастап ҚР Парламенті депутаттары елді-мекендерге халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен, тұрмыс-тіршілігімен жақынырақ танысу үшін іс-сапарға шықты. Осы орайда мен бүгін «Ауыл» партиясының Түркістан облысындағы партия белсенділерімен кездестім. Басқосу барысында Мәжіліс мінберінде партияның сайлауалды бағдарламасы аясында атқарып жатқан жұмыстарымыз жөнінде баяндап бердім. Одан бөлек «Ауылдың, ауыл мектептерінің білім деңгейін көтеру», «Ауылшаруашылығы саласындағы ғылымды қаржыландыру», «Агробанк құру», «Қоғамдық бақылау» сынды біршама ұсыныстарымыз бен Заң жобасы туралы тарқатып айттым. Өз кезегінде аудан тұрғындары партияның ұсыныстары мен ұстанымын әрдайым қолдайтынын айтып, ауылды жерлерде туындап отырған жер алу, жарық, жол, су, интернет, жұмыссыздық сынды бірқатар мәселені көтерді.
Кездесу барысында ауданның шаруалары «Агробанк құру» жоспарын қос қолдап қолдайтынын жеткізді.
Мен бүгінгі кездесудегі ең өзекті мәселелерге тоқталғым келіп отыр. Әңгіме Шардаралық шаруалардың жан-айқайы жайлы. Олардың айтуынша, егістікке келетін 600 млн текше метр судың 46%-ы, яғни 250 млн т/м не құмға сіңіп, не болмаса қашыртқылар арқылы Сырдарияға қайта құятын көрінеді. Шаруалар 2019 жылы 1000 текше метр су үшін 232 теңге төлесе, 2021 жылы ағын су тарифі 787 теңге болып бекітілген екен. Өткен жылдармен салыстырғанда биыл тарифтің тағы өскені байқалады дейді шаруалар. Бүгінгі таңда 1000 текше метр су үшін басқаларға қарағанда екі есе артық төлейтін де аталған аудандағы ағайын екен. Себебі, Сырдарияға құятын немесе құмға сіңіп кететін 250 млн т/м су үшін артық ақша төлеп отырмыз деп налиды.
Ал Сауран ауданының фермерлері су тапшылығынан қысылып отырғандарын жасырмады. Соның салдарынан тамыз айында еккен егін өнімінің 50%-ын әрең жинап аламыз дейді. Себеп: аталған айда ағын су мүлдем тоқтап қалатын көрінеді. Бұл жерде ескере кететін мәселе тамшылатып суару әдісі де фермерлерге тиімсіз тұсын көрсетіп тұрғандай. Олар: ағын судың тапшылығын жою мақсатында жайылымды жерлерді суару үшін тік ұңғымалы құдықтар қазуға 50%-дық субсидия болса деген өтініштерін айтты. Сонда шаруалар алатын өнімдер 10-20 центнерге көбейетін еді, сәйкесінше базарда өнімдер арзан болып диқандардың да табысы молаяр еді дейді.
Әрине, облыс тұрғындары тарапынан көтерілген өзекті мәселе көп. Тақырыптарды түртіп алдым. Түйінді мәселелерді тарқатуға білек сыбана кірісемін. Ең бастысы - маңызды мәселенің барлығын Мәжіліс мінберіне алып шығатын боламын!
Сондай-ақ, бүгін Түркістан облысы Ақсукент ауылындағы отандық өнім шығаратын «CaPable group» цехының жұмысымен таныстым.
Еліміздегі отандық жөргектер шығаратын өндіріс орыны 2021 жылдан бері жұмыс жасап келе жатыр.
Қазіргі таңда жөргектер Altyn Bala, Simon Baby, Altyn Ana, GIGO сынды атаумен белгілі. Аталған цех 60 адамды жұмыспен қамтыса, сату бөлімінде 300-ге жуық адам жұмыс жасайды екен. Өндіріс иесінің айтуынша, цех қуаттылығы минутына 450 жөргек шығаруға жетеді екен.
Отандық өнім шығаратын цехтың іске қосылғанына 2 жыл уақыт өтсе де, әлі де мемлекет тарапынан қолдау таппай тұралап тұрған көрінеді. Басты мақсаты - цехтың көлемін кеңейтіп, отандық өнімді сыртқы нарыққа шығару. Осы орайда Мемлекет басшысының отандық өнімдерді қолдау туралы жолдауларын еске ала отырып, алдағы уақытта цех жұмысының одан әрі жандануына септігімді тигізсем деймін.