СІМ, ЦДИАӨМ және ҰҚК өкілдерінің қатысуымен «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын делимитациялау мен демаркациялауды халықаралық-құқықтық ресімдеу жөніндегі жұмыстың барысы туралы» тақырыбында Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген тақырыптық отырысы өтті. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасының жалпы ұзындығы 13300 км-ден асады. Қазақстанның барлық көрші елдермен шекарасының сызықтары анықталып, бекітілді, бірақ біздің Отанымыздың шекараларын белгілеу процесі әлі де жалғасуда. Мемлекеттік шекараны белгілеу екіжақты келіссөздер процесі болып табылады, сондықтан оның нәтижелері Уағдаласушы елдердің ұстанымына байланысты. Бүгінгі таңда Қазақстан шекараны демаркациялауды толығымен аяқтады, яғни үш ел – Қырғызстан, Түрікменстан және Қытаймен шекараны анықтап, белгіледі. Тиісті халықаралық шарттарға қол қойылды, ратификацияланды және күшіне енді. Өзбекстанмен шекараны демаркациялау аяқталды. Тиісті халықаралық шартқа 2022 жылғы 22 желтоқсанда қол қойылды және Қазақстан Республикасымен 2023 жылғы 27 наурызда ратификацияланды. Осы Шарт өзбек тарапының оны ратификациялауды аяқтағаны туралы тиісті хабарлама алғаннан кейін күшіне енеді. Қытаймен шекараны тиісті жағдайда ұстау мақсатында 2017 жылы Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасы сызығының белгіленуін бірлесіп тексеру жұмыстары басталды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Жоспарлы режимде Ресеймен мемлекеттік шекараны белгілеу жұмыстары жүргізілуде (атап айтқанда, әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасы). Далалық демаркациялық жұмыстар Шығыс Қазақстан облысында жалғасуда. Демаркация процесі жергілікті жерде шекаралық белгілерді орнату жөніндегі далалық жұмыстармен, мемлекеттік шекараны демаркациялау туралы халықаралық шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын демаркацияның қорытынды құжаттарын дайындау және келісу жөніндегі камералдық жұмыстарды да қамтиды: мемлекеттік шекара картасы, мемлекеттік шекара сызығының өтуін сипаттау, шекаралық белгілердің координаттары мен биіктіктерінің каталогы, шекаралық белгілердің хаттамалары және басқа. СІМ өкілі демаркация бойынша келіссөздер нәтижелі жүріп жатқанын және Ресеймен жұмыс кесте бойынша аяқталуы тиіс екенін атап өтті. Бұл дегеніміз, алдағы жылдары мемлекеттік шекара ресми түрде делимитацияланып қана қоймай, толығымен демаркацияланады. Отырыс қорытындысы бойынша қазақстандық тәжірибе мемлекеттік шекараны халықаралық-құқықтық ресімдеу процесіндегі басқа елдер үшін жақсы үлгі болып табылатыны атап өтілді.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледіАқпарат көзі: https://parlam.kz/kk/mazhilis/committee-works/committees-meetings/3Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі