Өңірлерді аралап, халықпен кездесулер одан әрі Қарағанды техника -құрылыс колледжінде жалғасын тапты. Колледж директоры Әсел Сағынбайқызы және колледж ұжымы қарсы алып, түрлі мамандықтарға баулыйтын ұстаздарымен бірге әр шеберхананы, ондағы жаңа қосылған дүниелермен таныстырды. Жалпы бұл оқу орны мүмкіндігі шектеулі оқушыларға да білім береді. 11 бала жиһаз жасау, 2 оқушы дәнекерлеу бойынша, тағы басқа мүгедектігі бар студенттер түрлі мамандықтар бойынша оқиды екен. Колледж барынша олардың оқудан соң жұмысқа тұруына себепші болуға тырысатындықтары қуантады. Тек биліктен қолдау болса болғаны. Жалпы кездесу барысында пікір алмасып, түрлі сұрақтар да айтылды. Директор орынбасары Эльмира Нұрмағамбетова оқу бітірген оқушыларға тезірек жұмыс табылса десе, арнайы пәндер мұғалімі Ыбыраева Айым Жұмағалиқызы оқушыларға ыстық тамақ берілсе деген өтінішін жеткізді. Мәлік Бекзат әлеуметтік қызметкерлерге қандай жағдай жасалатындығы жайлы, ұстаздарға қандай жеңілдіктер қарастырылған, дәрі дәрмек мәселесін айтса, Алтынай Дүкенқызы колледж маңына жақын аялдама жоқтығын жеткізді. Кездесуге арнайы келген басқарма басшысының орынбасары Азамат Тілеуұлы осы колледж ұжымына арнайы автобус бөлінетіндігін жеткізіп ұстаздар қауымын бір қуантты. Жалпы өңірлерді аралау барысында халық арасына келген депутатқа әр мәселені шынайылықпен жеткізетіндігін, сонымен қатар бір жақсы хабар естісе соншалықты шынайы қуанатындығын байқадым. Осыдан кейінгі түйін: елге қызмет жасап жүрген әр азамат, адал қызмет етіп, халықты қуанта білейікші дегім келеді. Жақсы күндердің жаршысы болайық!