Серіков
Таңсауле
Ғабдыманапұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Сессия қорытындысы және алдағы жоспар

  *Қазақстан тарихындағы ең көп партиялы Парламенттің бірінші сессиясы қорытындыланды*
Бүгін толығымен жаңарған, алғаш рет бірден алты партия өткен Жаңа Парламенттің бірінші сессиясының жұмысы қорытындыланып, депутаттар жазғы каникулға шықтық. Демалыс деген жай аты болмаса, алдағы екі айда атқаратын жұмыс шаршы етектен асады.
Бұл жолғы Парламент шынымен де өте еркеше. Себебі басқа шақырылымдарға қарағанда «ең жас» Парламент деп атауға тұрарлық - 98 депутаттың 13-і 35-ке толмаған.
Көзге ерекше көрінетін тағы бір жайт, дәл осы шақырылымда әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар адамдардың көбейгені қуантады.
Небары үш айдан асқан уақытта Мәжілістің 15 жалпы отырысы өтіп, оның барысында еліміздің тағдыршешті 120-дан астам мәселе қаралыпты. Парламенттің қарауында 82 заң жобасы болса, соның 25-і қабылданып, 13 заңға Президент қол қойғанын мақтанышпен айтуға тұрарлық.
Енді жеке өз басыма келетін болсам, осы 100 күнде мен Үкіметке онкологиялық ауруға шалдыққан балалардың жағдайына алаңдап, Астанада жаңа ғылыми орталықтың салынуы туралы үлкен мәселені көтердім. Жалпы бірінші сессияда қос палатаның депутаттары барлығы 306 депутаттық сауал жолдаса, соның екеуі менікі екен.
Тағы бір мәселе - ол шалғай ауылды жерлерде орналасқан оңалту (реабилитация) орталықтарының жұмысына қатысты болды. 62 адаммен кездесу өткізіп, олардың жеке бастарының мәселелерін тыңдап, өз құзыретімнің шеңберінде шешілуіне жәрдемдестім.
Шынын айтсам, “ Ауыл” партиясы атынан сайланған депутат ретінде Мәжіліс қабырғасында жұмыс істеген алғашқы 100 күнім қалай өтіп кеткенін де аңғармай қалдым. Себебі, Парламентке депутат болып келгелі мазмұнды да маңызды жұмыстар бірінен соң бірі күн сайын атқарылып келеді. Бір минут та тыным жоқ.
Келесі аптадан бастап Қарағанды мен Ақмола өңірлеріне жұмыс сапарым басталады. Сайлаушылар алдында атқарылған жұмыстар туралы есеп беремін, қаралатын заңдар бойынша халықпен пікір алмасам, мәселелерді зерделеп, жаңа заң жобаларына тұрғындардың пікірлері мен ұсыныстарын тыңдаймын, оларды өзіме түртіп алып, күзгі сессия барысында міндетті түрде жұмыста іс барысында қолданамын.