Серіков
Таңсауле
Ғабдыманапұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Ауыл тургындарымен кездесу

  Бүгін , яғни 03.07. күні елордаға іргелі жатқан Өтеміс ауылының тұрғындарымен кездестім. Бір өкініштісі, елордадан 35-ақ шақырым жерде орналасқан бес жүздей тұрғыны бар ауылда еш жағдай жасалмаған.
Өздеріңіз байқап қараңыздаршы, ауылда бірде-бір мектеп, бірде-бір балабақша жоқ, емхана тұрмақ, фельдшерлік-акушерлік пунктің өзі жоқ, жергілікті тұрғындар мен жастар жағы бас қосып демалатын мәдениет ошағы, балалардың ойнайтын ауласы да жоқ. Сол себептен де менің жергілікті тұрғындармен кездесуім де дүкеннің қасындағы ашық жерде өтті. Бас қосып жинала қоятын жердің жоқтығы қынжылтады әрине.
Жергілікті тұрғындар қалаға қатынайтын автобустың болмауын ауылдың басты проблемасы дейді. Қаламен тіке байланыс жоқ. Аудан орталығына келетін автобус ауылға дейін асфальт жолдың жоқтығын сылтаулап, қалаға кері бұрылып кетіп қалады екен.
Өтеміс ауылының тұрғындары балаларын біраз ойнап, серуендесін деп көрші ауылға қатынауға мәжбүр боп отыр.
Жергілікті тұрғындар ауруханаларға бұрынғы статусын қайтаруды талап етуде. Себебі, емханалардың иелігіндегі жедел жәрдем көліктері алынып тасталған. Сол себептен науқастар тексеруден кейін үйлеріне ақсаңдап жаяу қайтуға мәжбүр.
Ауылда қаңғыбас иттер қаптап кеткені тағы бар. Олар жергілікті тұрғындарға кәдімгідей қауіп төндіріп отыр. Оларды ату үшін мамандар 1 сағатқа ғана келіп кетеді екен көп жағдайда, одан еш нәтиже жоқ.
Ауыл тұрғындары, сонымен қатар, дәрі-дәрмектерге тегін рецепттер туралы сұрақты өте көп қойды. Себебі 1 айға берілетін дәрілерді уақытылы алмай, алу мерзімі кешіктірілсе, науқастарға дәрі берілмейді екен. Естімеген елде көп демекші, бұл проблеманы естіп, кәдімгідей жағамды ұстадым. Науқастарды не кемсіту бұл, емдеудің орнына мүгедек қылудың тура жолы емес па бұл. Үкіметтің тұрғындардың денсаулығы туралы жанашырлығы қайда қалды сонда. Түсініксіз жағдай.
Мүгедектігі бар балалардың проблемасын да естіп, жазып алдым. Себебі арнайы қажеттілігі бар 23 жастағы жергілікті тұрғын заң бойынша тиесілі курорттық емін бір рет те алмаған.
«Алтын алқа» тағып отырған ақ жаулықты аналарымыз бен көпбалалы отбасылары тұрғын үй мәселесін шешіп беруді сұрады. Жергілікті билік өкілдері бірнеше жыл қатарынан мәселені шешуге уәде еткенімен, баяғы жартас сол жартас күйінде қалуда.
Қарап отырсам, бір күннің ішінде аймаққа шыққанымда жүзге жуық мәселе, тілек-өтініштер, арыз, ұсыныстар айтылыпты. Бәрі де орынды. Бәрін де назарыма, қаперіме алдым, мәндетті түрде шешілуіне жәрдемдесемін.
Барлық айтылған мәселелерді жай ғана естіп қайтпай, түгел жазбаша түртіп алдым. Барлық мәселелерге қатысты депутаттық сауал әзірлеп, құзыретті органдарға міндетті түрде жолдап, шешімін күтіп, тұрғындармен бірге бақылауға алатын боламыз.