Бүгін, 4 шілдеде, аймақтарға жұмыс сапарымның екінші күнінде Ақмола облысындағы Аршалы ауданының тыныс-тіршілігімен етене жақын танысып, тұрғындарымен кездестім.
Ең басты назар аударған жағдай күрделі жөндеуден өтіп жатқан Аршалы ауруханасының емханасы болды. Республикалық бюджеттен қаржыландырылып отырған жөндеу жұмыстары үш жылға созылған екен, яғни 2025 жылы бірақ аяқталады. Неліктен күрделі жөндеу жұмыстары соншама ұзаққа созылған деген заңды сұрағыма ақшалай транштарды алуды жеңілдету үшін әдейілеп бірнеше кезеңге бөлінген деген жауап алдым. Алдағы жылыту маусымы басталғанша мердігерлер жылу жүйесіндегі жұмыстарды аяқтаймыз деп міндеттеніп отыр.
Аудандық ауруханада гематолог, педиатр, нейрохирург, қан тамырлары хирургы, дерматовенеролог, гастроэнтеролог сияқты мамандар тапшы. Алайда, EGD, бронхоскопия, лапароскопия, зертханалық қызметтер түрі толық көрсетіледі. Оған қоса ісік маркерлеріне және биохимиялық талдауларға тест тапсыруға мүмкіндік бар.
Сонымен қатар аймақтағы онкологиялық жағдай туралы да сұрастырдым. Сөйтсем, ауданда осы ауруға шалдыққан балалар мен ересектердің барлығы дерлігі Астанаға келіп емделуге мәжбүр екен. Яғни, жергілікті деңгейде жағдай жасалмаған.
Ауданда бар болғаны он екі жедел жәрдем көлігі бар. Олардың барлығы қашықта орналасқан облыс орталығы – Көкшетаудағы жедел жәрдем станциясына қарайды. Оған қоса, қолда бар көлік паркінің әбден тозығы жеткен.
Бір көңіл көншітетін жайт, Аршалыдағы жолдарды жөндеу жұмыстарының жай-күйі біртіндеп түзеліп келеді. Соңғы жылдары ауылда асфальтталған жолдар көбейе бастаған. Көшелердің көпшілігінде жол төсемі бар. Жаяу жүргіншілер жолы абаттандырылып, бордюрлер орнатылуда. Алайда, бөлінген қаржы мен атқарылатын жұмыстардың көлемі шамалы артық көрсетіліп жатқан тұстары да баршылық. Оған қоса тұрғындардың тендер шарттарына көңілі толмайтынын, яғни, келісім-шарт талаптарын орындамайтын жосықсыз орындаушылар бар екенін айтып, наразылықтарын білдіруде. Сөйтіп, жұмыстың мұндай бағыттары толығымен орындалмай, мердігерлермен болатын сот ісі көп айларға созылып, тұрғындарды әуре-сарсаңға салуда. Мұның бәрі, байқап отырсам, ұзақ жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселелер. Оларға ерекше назар аударып, күрмеуін шешетін уақыт жеткен секілді.
Бұдан кейін аудан аумағында орналасқан «Бейбарыс» демалыс аймағына ат басын тіредім. Елордадан небәрі 20 минуттық жерде орналасқан демалыс орталығы тынығып демалам деген қала тұрғындары үшін ғана емес, ерекше қажеттілігі бар жандарға да жайлы да қолайлы секілді көрінді маған. Себебі мұнда әжептәуір жағдай жасалған. Алдағы уақытта ондай тізім кеңейтіле түспек. Яғни қонатын үйлер мен демалатын саяжайларда қосымша пандустар мен желал сатылар орнату мүмкіндіктері де қарастырылатыны қуантады.