Елді мекендерді аралау мақсатындағы жұмыс сапарым
Бұғылы, Тағылы, Қызылтауды бойлай орналасқан Шет ауданымен жалғасты. Астанадан ат терлетіп арнайы келгенімізді білген, ауылдың аңқылдаған тұрғындары, кездесу барысында өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, көкейде жүрген ойларымен бөліскен еді.
Иә, әр жерде түрлі мәселелер бар екендігі жасырын емес. Оған дәлел
аудан тұрғыны Жанбек Ертайдың айтуынша жауын шашынның аздығынан жем, шөп жетіспеушілігі туындап тұрғандығы. Сондай-ақ, мал арзан бағаға сатылуда, оған себеп ортада делдалдар көп. Кезінде Семейде етті өңдейтін зауыт болушы еді. Бүгінгі күні әр облыста осындай бір зауыттар салынса деген өтініштерін жасырмады.
Сонымен қатар Шет ауданында желілер желісі тозғандықтан, қолайсыз ауа райы кезінде, тіпті үп еткен жел болса жарық бірден өшіп қалатындығы айтылды. Бұл да тұрмыс тіршілікке кері әсерін тигізері анық.
Ауданның жаңа тұрғыны Икембаева Гүлімнің аудан орталығынан үй алғандарына 3 жыл болса да, әлі күнге дейін интернет тартылмағандығын жеткізді. Интернеттің дамыған заманында бұндай мәселенің болуы мүмкін емес сияқты, өкінішке орай шындық болып тұр!
Қайырғали есімді азамат 2 ші топ мүгедегі, жыл сайын протездерін жөндетуге сонау шалғайдағы Петропавл қаласына барады екен. Темір жол арқылы Қарағандыдан билет арзан болғанымен, Петропавлдан кері қайту үшін билет өте қымбат. Бұл жердегі мәселе де тексерісті қажет ететін сияқты. 2ші топтағы мүгедек жан үшін бұл да оңай емес. Сондықтан бұндай мәселе де назардан тыс қалмады.
Өмірғали Қызылов болса: -жыл сайын көмірдің бағасы қымбаттап барады, өзіміз көмірдің, ен байлықтың үстінде отырсақ та 1 тонна көмірді қазір 16 000 теңгеге, ал күзде 25 000 теңгеге дейін аламыз- деп ашына айтып өтті. Шындығында ауыл, аудан тұрғындары үшін бұл жыл сайын кездесетін үлкен мәселе.
Көпті көрген құрметті ақсақал, Сияз атамыз өз кезегінде, тозығы жеткен кәріз жүйесіндегі проблемаларды анық қанық түрде жеткізіп, оларды жаңартса екен деген тілегін білдірген еді.
Аудандағы барлық мәселелерді текшелей келе Шет ауданы ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Бағлан Арыстанбеков тамшылатып суару үшін лизингпен қаржы бөліну мәселесін көтерді. Әрине ауыл шаруашылығын жандандыру үшін бұл салаға да жеңілдік, көмек керек ақ.
Халық қалаулысы ретінде менің Шет ауданына барып, көріп білген ауданның тыныс тіршілігі осындай. Естір құлақ болса, осындай ауылдың еңсесін көтеріп , көмек қолын созар басшылар болар деген үміт жоқ емес. Еліне , жеріне жаны ашитын, халқын сүйер, осы салаға тікелей қатысы бар жоғарыдағы азаматтар бей жай қарамас деген ниеттеміз!