Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауында қоғамның ауызбірлігін еселеп, елдің әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын жақсартуға бағытталған жобаларды ұсынған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев денсаулық сақтау жүйесін де назардан тыс қалдырған жоқ. Президент бұл жолы да саланы серпілтуге бағытталған қадау-қадау міндеттерге тоқталды. Оған негіз де жоқ емес. Мен биыл жазда Ақмола, Қарағанды облысын аралап, сайлаушылармен кездескенімде халық көбіне емхана, аурухана мен ондағы мамандар және құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі, мүгедектігі бар тұлғаларға қамқорлықтың аздығы, қатерлі ауруға шалдыққандардың көбейіп келе жатқаны туралы мәселе көтерген болатын. Қасым-Жомарт Кемелұлы алдағы мәжіліс сессиясында көтеремін деп біршама мәселені де өз аузымен айтып, Үкіметке тапсырма ретінде жүктеді. Жолдау жүктеген міндеттер жүйелі түрде жүзеге асуы тиіс. Бұл бағытта мен де аянып қалмайтынымды жеткіземін.