Серіков
Таңсауле
Ғабдыманапұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
ҚР да мүгедектігі бар тұлғаларды жұмыспен қамту

                                                                                                                  Премьер-Министр А. Смайыловқа,

                                                                                                                                   депутаттық сауал

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әр Жолдауында мүгедектігі бар жандарды қорғау, оларға деген көмекті ұлғайту керектігін әрдайым айтуда және нақты тапсыруда. Бұл тек Үкіметке ғана емес, әр мекеме басшыларына да қатысты.

2015 жылы мүгедек жандарды қорғауға байланысты заңға қарасты актілерге  өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Олардың денсаулығына зиян келтірмейтін жұмыс орындарын ұйымдастыруға тапсырма беріліп 2016 жылы бұл көрсеткіш 2%дан 4% ға дейін деп көрсетілген еді. Ал әлемнің көптеген елінде бұл квота 6%.

Тіпті әлеуметтік кодекс күшіне еніп, мүгедек адамдар үшін жұмыс орындарын квоталау Ережесі бекітілген болатын. Сол бекітілген ереже,  тапсырма сол күйінде. Қағаз жүзінде бәрі ТАМАША. Біз жаз айларында ел ішін аралағанда облыс, аудан, ауыл әкімдері бұдан хабарсыз екенін көрдік. Сонда Президенттің тапсырмасын, Үкіметтің нұсқауын елемегені ме? Осыдан кейін қалай мүгедек жандар жұмысқа тұрады, қалай дамыймыз?

Сонда біз кімді алдаймыз? Бірде бір ұйым мүгедекті жұмысқа алғысы келмейді. Тіпті көп мекемелерде мүгедек жұмыс істеп жүргенін білмейді де, неге? Өйткені олар өзінің мүгедек екенін айтқысы келмейді, жұмыстан айырылып қалудан қорқады. Өкінішке орай күннен күнге мүгедектігі бар жандар саны артып келеді. Сондықтан олар ертеңгі күніне сенімді болулары үшін біз оларға көмектесуіміз керек. Президенттің тапсырмасы міндетті түрде орындалуы тиіс. Президенттен өнеге алуымыз керек, оның айғағы инклюзивті Парламенттегі бүгінгі жұмыстар. Оқу орындарында оқуы үшін мүгедек жандарға мемлекет 1% квота бөледі, бірақ жұмыс беруші оны жұмысқа алмайды, сонда бұны қалай түсінуге болады? Айтылған сөз айтылған жерде қалса, ол адамға жасалған қиянат.

Әр министрлік, әр әкімшілік бір біріне сілтемей ең алдымен өзінен бастау тиіс, Президенттің тапсырмасымен өз штаттарына 2% дан 4% аралығында қызмет орны ұйымдастырылуы қажет. Және осының бәрі министрдің, әр мекеме басшысының бақылауында болуы керек. Мүгедек жандар мемлекет мойнында отыра бермей, оларға жұмыс беріп өз нәпақаларын өздері тапса, тіпті жәрдемақыға да қарамас еді. Мысалы Германия, Ұлыбритания, Австралияда жұмыс беруші мүгедектің артынан жүріп отырады, бізде керісінше мүгедек жұмыс берушінің артынан жүреді жұмыс сұрап. Оған мысал маған күніне, мүгедек жандардан жүздеген өтініш кеп түседі. Соларға не айтарымды білмей қаламын. Әр ұйымға хабарласып, қарапайым халықтың арасында жүрген осы мүгедек жанды жұмысқа алыңызшы деп өтініш жасап жұмысты өзім іздеп кетемін. Қазақстанда 720 мыңнан астам мүгедек жандардың 62%-ы еңбекке қабілетті жастар. Біз тек демеу, жігер беруіміз қажет. Аз ғана жәрдемақымен аясаң әлсірей бермек, жұмыспен қамтып жігер берсек әлдене түспей ме. Өз еңбектерімен үйін де, автокөлігін де алып отбасын асырап, елге де пайдасын тигізетіні анық. Оларда Қазақстан республикасының тең құқылы азаматы болып жүргеніне қуанбай ма? Біз осыған атсалысуымыз керек. Жәрдемақыны ұлғайта бергеннен ештеңе шықпайды, оданда жұмыс орындарымен жәрдемдесейік. Біз бағанадан 2%дан 4% аралығында айтып тұрмыз, заңды түрде солай. Бірақ ең құрығанда 1% дық көрсеткішке қол жеткізейікші.

Осы орайда сіздерге ұсынылатын ұсыныстар:

1. Мүгедектігі бар жандар үшін жұмыс орындары міндетті түрде ұйымдастырылсын және қатаң түрде қадағалансын.

2. Орындамаған ұйымдарға үлкен мөлшерде айыппұл салынсын. Сол айыппұлдан түскен қаржыға мүгедектігі бар тұлғаларға жұмыс орындары ұйымдастырылсын.

3. Оқу ағарту министрлігіне, ғылым және жоғары білім министрлігіне мүгедектігі бар жандар үшін жоғары оқу орындарында, колледждерде сапалы мамандар даярлайтын, қайта даярлайтын оқу орындары ұйымдастырылып, оны тәмамдаған мүгедектігі бар жандар мемлекеттік, квазимемлекеттік ұйымдарда 100% жұмысқа орналастырылсын және қадағалансын.