Мәжілістің бүгінгі жалпы отырысында депутаттық сауалымды Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдадым. Депутаттық сауал кітапқа байланысты болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайда: Біз кітап оқитын ұлтқа айналуымыз керек деген болатын. Бүгінгі таңда жастар кітап оқымайды деген пікірді жиі естиміз. Неге? Оның басты себебі, әлеуметтік желілер. “Әлемдік статистика бойынша әлеуметтік желіге кететін орташа уақыт – кітап оқуға арналатын болса, бір адам жылына 200-250 кітап оқи алады екен». Менде уақыт жоқ деген жәй сылтау ғана. Менде әлеуметтік желіден тыс уақыт жоқ деген сөз дұрысырақ. Адамның материалдық жағдайды ойлауы бірінші орынға шығып, рухани байлықты игеруге деген ынтасы кеміді. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың төте жолы -кітап оқу. Бүгінгі күні “Ауыл” партиясы 18 мыңнан аса кітап қорын жинақтап, оны ауылдық кітапханаларға жеткізді. Облыс аудан әкімдері осы жақсы тәжірибені жалғастыруы керек, түрлі іс-шараларды жасау қажет. Болашақ ұрпақтарымыз ел тізгінін ұстағанда халқын адастырмай тура жолға бағыттап, еркін ойлай алатын, сөйлесе сөзі салмақты, халқына шынымен ардақты азаматтар көп болсын десек, сапалы білім, оның ішінде қазақша кітап мәселесін мықтап қолға алайық дегім келеді. Ол үшін: Оқу орындарында кітапқа деген қызығушылықты арттыратын бағдарламалар жасау керек. Елімізде мемлекеттік деңгейде Кітап күнін белгілеу. Және кітапханашылар мәртебесін арттырып жоғары оқу орындарында, колледж, мектептерде кітап оқу мәдениетін қамтамасыз ету қажет.