СӨЗДІҢ ЕҢ ҰЛЫСЫ – ТАРИХ. Ахмет Байтұрсынұлы
Тарихта «жақсы не жаман» деген түсiнiктер болмайды, «жақсысы да, жаманы да» тарихта қалады дейді.
Расымен кейде өткен шаққа көз жүгіртіп бір ойланатын сәттер болады. Ой жүйрік дегенмен көзбен көру, денең түршігіп, жүрекпен сезіну басқаша сезім. Кей сәтте, осындай күйге түсу арқылы адамзаттың басты құндылығына деген көзқарасың өзгеріп, тәубаңа келесің!
Менің ғылымдағы, өмірдегі ұстазым заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Нұрлан Орынбасарұлы Қарағанды өңірін аралап жүрген кезімде телефон соғып, ҚарЛаг мұражайында болдың ба, деп сұрады. Реті келмей жүргенін айттым.
2023 жылы Үкіметтің қаулысымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның құрамына кіріп, нәтижесінде таяуда ғана ғылыми-құқықтық қорытынды жасап тапсырғанмын. Қорытынды жазу барысында мыңдаған деректерді сұрыптап, мемлекеттік басқарудағы 50-дан астам нормативтік актілердің сол кездегі қолданыста болған Конституцияларға қайшы келгендігін және адамның ажырамас, абсолютті құқықтарына шектеу қою арқылы ел жерінен, отанынан мәжбүрлі көшуіне, босқын болуға алғы-шарт тудырғаны туралы жазған едім...
Нұрлан ағаға уақыт тауып Долинка кентіндегі «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» ҚарЛаг мұражайына барып шығамын деп уәде бердім.
Қарағандының маңызды экономикалық орталық ретінде қалыптасуын Орталық Қазақстанның территориясында ұйымдастырылған орасан зор сталиндік концлагерьден бөлек қарастыру мүмкін емес, деп талай тарихи тұлғалар жазып кеткен.
Қарағанды шахтасын және қаланы салғандардың тауар эшелонымен әкелінген "мүлкі тәркіленген", арнайы көшірілгендер деп аталатын шаруалар да, жер аударылған поляктар, батыс украиндар, немістер, финдер, және, әрине, Қарлагтың тұтқындары да болды. Бұлар "халық жаулары" деген атаққа ие болғандар, соның ішінде бірінші кезекте КСРО-ның еуропалық бөлігінен жер аударылған зиялылар еді.
Тергеу мен сотсыз сотталып, кеңес концлагерлерінің тікен сымының ар жағында адам көңгісіз азап көрген, тар қапаста ауыр да азапты жұмыс пен аштыққа шыдап, төзіп, тірі қалып қалалар мен зауыттарды салған, темір жолдарды төсеген, шахтадан көмір өндірген тағдырлары азапты, кеңестік биліктің құрбандары.
1930 жылы Кеңес өкіметі қоғамға саяси және экономикалық тұрғыдан пайдалы деп танылған ГУЛАГ – «Еңбекпен түзеу лагерлерінің бас басқармасы» аталатын жаңа жүйе құрды. 1940 жылы ГУЛАГ-тың құрамында 53 лагерь, кәмелетке толмағандарға арналған 425 колония және 90 «сәбилер үйі» болған. 1931 жылы, 19 желтоқсандағы жаңа қаулыға сәйкес сол кездегі «Қазақ еңбекпен түзеу лагерінің» бөлімшелері мен кеңшарлары қысқартылған түрде «Карлаг ОГПУ» деп аталатын жаңа жүйеге еніп, ГУЛАГ-қа тікелей бағынатыны туралы жарияланады. Карлагтың жер көлемі ұйымдастырылған кезеңде 17129 шаршы шақырым болып, 8 бөлімшеге бөлінді. Карлаг Орталық Қазақстан аумағын түгелдей қамтыды (Ақ желкен. 21 Тамыз, 2021. «Қасіретті Карлаг тарихын көзбен көргендей боласың...» интернеттен алынды) .
Аталмыш мұражайы Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына, облыс әкімінің 2001 жылғы 24 ақпандағы Үкіміне, Шахтинск қаласы әкімінің 2001 жылғы 30 қарашадағы Шешіміне сәйкес құрылған.
“Карлаг: болашақ үшін естелік” жобасы “Bolashaq” академиясында 2006 жылы бастап, бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Жоба әлемнің 30-дан астам елінде белгілі. Жобаның жетекшісі – заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Нұрлан Дулатбеков.
Бұл жоба Нұрлан ағаның тұла бойын тербеп, жүрегінен өткізе жасаған асқақ туындысы екенін байқамау мүмкін емес.
ҚарЛаг мұражайын өзегің өксімей, денең түршікпей, жүрегің дірілдемей көру мүмкін емес.
Мұражайды көріп шықсақ, далада ат құлағы көрінбейтін, ақ түнек боран. Қарағандыға әупірімдеп машинамен әрең жеттік.
Осындай ауа райда иен далада жұмыс істеп жүрген тұтқындар елесі сені шығарып салып тұрғандай сезінеді екенсің…