Бүгін Мемлекет басшысының қабылдауында болып, VIII сайланған Парламент Мәжілісінің қызметі туралы ақпарат бердім.
Атап айтқанда, сессия басталғаннан бері Мәжіліс депутаттарының қарауында 75 заң жобасы болды. Оның 14-і қабылданып, Сенатқа жолданды. Қазіргі уақытта депутаттардың қарауында онлайн-платформалар, заңсыз сатып алынған активтерді қайтару, «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын жүзеге асыру, қоғамдық бақылау, тұрғын үй қатынастарын жетілдіру туралы заң жобалары бар.
Сонымен қатар қазіргі уақытта сайлаушылармен жұмыс күшейтілуде. Азаматтарды қабылдау, комитеттердің салалық және көшпелі отырыстары тұрақты өткізіліп тұрады. Депутаттар халықтың өзекті мәселелеріне қатысты сауалдарды жиі жолдай бастады.
Жуырда 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның есебіне қатысты қоғамдық тыңдалым өтеді. Президентке осы іс-шараға дайындық барысы туралы баяндадым.
Сондай-ақ парламенттік дипломатия аясындағы жұмыстың қорытындылары туралы да айтып бердім.
Бұдан бөлек, биыл маусым айында Мәжілісте Қазақстанның төрағалығы аясында БҰҰ қолдауымен ұйымдастырылатын Орталық Азия елдері әйелдері диалогының бірінші отырысын өткізуге дайындалып жатырмыз.