Қайырлы кеш! Құрметті, менің сәулелі оқырмандарым!
Кешеден бері қазақстан қоғамы абыр-сабыр. Жаңа Үкіметті түгендеудеміз!
Күллі халықтың күтетіні жеке бастары табыстарының қарқынды өсуі. Жағдайының жақсаруы, тұтынушылық тілегін толық қанағаттандырып бақытты өмір сүруі.
Үкіметке салсақ, өткен жылы экономикамыз 5,1 пайызға өсті, дейді.
Бірақ қарапайым адамның табысы ұлғайған жоқ, керісінше қарызымыз көбейіп, айлығымыз шайлықтан аспай жатыр.
Президент бүгінгі Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты:
Соңғы бес жыл ішінде бюджет тапшылығы 11 триллион теңгеден асып кетті. Сондықтан бюджетті тиімді басқару және оның өлшемдерін неғұрлым дұрыс болжау Үкіметтің алдында тұрған басты міндет болып қала береді.
Қаржы министрлігі былтырғы табыс жоспарын алдын ала төленген осы жылдың салықтары есебінен орындағаны белгілі.
600 миллиард теңге көлемінде қосылған құн салығын қайтару уақытша тоқтатылды. Демек бюджет мәселелері бизнестің айналымдағы қаражаты есебінен шешілді.
Әлі шешімін таппаған тағы бір мәселе – бюджетті бөлу тәртібі. Ол экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталмаған. Қаражат күнделікті мәселелерді шешуге жұмсалады.
Бұрынғы Үкімет Ұлттық қордан бөлінетін трансферттің орнына салықты көтеріп, қазынаға қосымша қаржы түсіреміз деген уәжді алға тартатын.
Табыс пен мүлікке салық салудың жаңа жүйесін енгізбесек, кәсіпкерлерді табысын қалтаға баспай, бизнесін дамыту үшін жұмсауға ынталандырмасақ, арнайы салық режимдерін өзгертпесек, бұл міндетті орындай алмаймыз.
Салықты жайдан жай көбейте салуға болмайды. Ең алдымен, салық салу жүйесін реттеп, оны жетілдіру қажет. Сондай-ақ көлеңкелі экономиканы барынша азайту керек.
Салық жүйесін толық цифрландыру қажет. Бұл сала цифрлық тәсілдерді, әсіресе, жасанды интеллектіні қолдану жағынан ең алдыңғы шепте болуға тиіс. Қысқасы, атқаратын жұмыс – ауқымды.
Осылай, қарапайым тілмен айтсақ, Үкімет бюджет қоржынын толтыру міндетін ұмытуға болмайды.
Экономика неғұрлым қуатты болса, соғұрлым көп салық түседі деген қағидатты берік ұстану керек, деп айрықша ескертті, Мемлекет басшысы.
Жапон елінде барлық тұрғындар жылында бір рет толық чекап, яғни өз ағзасын кешенді тексеруден өткізеді. Ол денсаулық сақтандыру есебінен жүзеге асырылады.
Қ.Тоқаев баса айтқандай: Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылғанына бес жыл болды. Содан бері бұл саланың бюджеті 2 есе артты. Биыл 2,6 триллион теңге бөлінеді. Алайда медициналық көмектің сапасы айтарлықтай жақсарды деп айтуға болмайды. Көптеген қызмет әлі де қолжетімді емес.
Медициналық көмектің бірыңғай топтамасын қалыптастыру қажет. Мемлекет кепілдік беретін медициналық қызмет оның базалық бөлігі болуға тиіс. Келесі бөлігі жұмыс берушілер мен азаматтардың жарналарынан құралатын сақтандыру қаражаты есебінен жасақталуы керек.
Жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттырған жөн. Әлеуметтік жағынан осал топтағы кейбір азаматтар үшін медициналық сақтандыру жүйесіне аударылатын төлемдер жергілікті бюджеттен бөлінуге тиіс.
Осы тапсырмадан кейін медицина сапасы көтерілмесе, кім кінәлі болмақ!!!