Қайырлы кеш! Уақыт тапшы деп жазудан қысылатын болдым. Бүкіл адамзат уақыт тапшылығына ұшырап жатқан сияқты.
Кеше Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы өтті. Мәжілістің жалпы отырысына "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасын бірінші оқылымға талқылауға алып шықтым.
Оңай болмады, сұрақтар көп болды. Заң жобасына бастамашы болған әріптестерім тақымын қысып отырды.
Әзірленген жобаға сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысын жыл сайын екі мақсатта пайдалану үшін кәмелет жасына толмаған балаларға теңдей бөлу ұсынылады. Бірінші. Тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе тұрғын үй сатып алу. Бұл мақсатта қаражатты тек Қазақстан аумағында пайдалануға рұқсат етіледі. Екінші. Білім алу.
Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы 18 жасқа дейін барлық жастағы балалар арасында теңдей бөлінеді.
Инвестициялық табыстың жекелеген уақыт аралықтарындағы ықтимал теріс мәндерін болдырмау мақсатында оның 18 жылдағы орташа жылдық мәні негізінде (2,6 % мөлшерінде) айқындау жоспарлануда. Осы Заң жобасы шеңберінде 6 кодекс пен 10 Заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізіліп жатыр. Түзетулер мынадай мәселелерді қамтиды: Бірінші. Жоба шеңберінде Ұлттық қор қаражатын балаларға есеп жүргізу мен төлемдерге пайдалану тетігін енгізу; Екінші. Өндіріп алуға және осы соманы басқа да ықтимал шектеулерге жол бермеу; Үшінші. Мемлекеттік органдардың құзыреттері; Төртінші. Қаражатты мақсатты пайдалану; Бесінші. Баланың жасына байланысты қаражатқа қол жеткізуі және т. б.
18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталады. Көрсетілген кезеңде азамат тарапынан талап етілмеген жағдайда шоттағы қаражатты сол адамның зейнетақы шотына аудару ұсынылады. Жобаның негізгі тәсілдері «Балалардың құқықтары туралы» Заңда және Бюджет кодексінде айқындалған.
Ұлттық қор қызметінің есепті жылдағы нәтижелері туралы жылдық есеп әзірленеді және Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітіледі. Қазақстан Ұлттық Банкі орташа инвестициялық табысты есептейді және оны БЖЗҚ-ға жеткізеді. БЖЗҚ нысаналы талаптарға қатысушылардың саны мен тізімін қалыптастыру үшін жеке тұлғалардың мемлекеттік деректер базасынан (ҚР азаматтығын қабылдаған және жоғалтқан, туған және қайтыс болған) балалар бойынша қажетті ақпаратты импорттайды. Қатысушылардың тізімін алып, Ұлттық Банктен ұсынған ақпарат негізінде бір қатысушыға есеп жүргізеді. Жобаға қатысу үшін қандай да бір мемлекеттік органға жүгінудің қажеті жоқ, есептеулер автоматты түрде жүзеге асырылады, есепке алуды БЖЗҚ жүргізеді. Салық салынатын базадан төлемдерді алып тастау бойынша қажетті нормаларды Салық кодексінде жеке көздеу жоспарланған. Әлеуметтік жобаларды іске асыру бойынша көп жылдық тәжірибені және мемлекеттік дерекқорлармен жедел ықпалдасу мүмкіндігін ескере отырып, жоба операторы ретінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ белгілеу жоспарланып отыр. БЖЗҚ: - ақпараттық жүйеде нысаналы талаптарға қатысушылардың талаптарын есепке алу; - нысаналы жинақтарды алушыларға жинақтау шоттарын ашу; - нысаналы жинақтау шотындағы жинақтарды есепке алу; - нысаналы жинақтарды төлеу; - жеке тұлғалардың дербес деректерін Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінен Дербес деректер субъектілерінің келісімінсіз жинау және өңдеу; - БЖЗҚ интернет-ресурсы және электрондық үкімет веб-порталының жеке кабинеті арқылы нысаналы талаптар мен нысаналы жинақтардың сомасы туралы мәліметтерді ұсыну функцияларына ие болады.