Дүйсенбі күні жұмыс қауырт басталды.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасының негізгі ережелерін және оларды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына енгізудің орындылығын талқылау үшін біздің комитет дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Бұл Заң жобасы 2022 жылғы 1 сәуірде Парламент Мәжілісіне түсіп, 5 жұмыс тобы жиналған, жұмыс тобының жетекшісі ретінде депутат М.М. Магеррамов болған. Осы шақырылымда бұл жұмыс маған жүктелген. Біршама жұмыстар жасалғаннан кейін мынадай байламға келдік.
Заң жобасының мазмұны «сарқылған» сияқты, Заң жобасының бастапқы тұжырымдамада мәлімделген мақсаттарға толық қол жеткізуді қамтамасыз ету қиындады.
Осыған байланысты, бүгінгі күні депутаттық корпус пен ғылыми қоғамдастық өкілдері Заң жобасында белгіленген түзетулерді олардың орындылығы тұрғысынан қайта қарау бойынша жұмыс жүргізуді, талқылауға салып, оның өзектілігін зерделеп, біртұтас тұжырымдама және тұтастай алғанда азаматтық заңнаманы жаңартудың нақты бағдарлары негізінде оны жаңғырту тұрғысынан Азаматтық Кодекстің кешенді талдауын жүргізуді ұсынып отыр.