Шапақ
Үнзила

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Комитет отырысында 3 Заң жобасына қорытынды бердік.

Қайырлы күн! Құрметті, менің сәулелі оқырмандарым. Жұмыс аптасы басталып, жұмысқа қызу кірісіп кеттік. Сейсенбі, Комитет отырысында 3 Заң жобасына қорытынды бердік. Алдында жазған едім. Басқа да әріптестеріммен бірге «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын әзірлегенбіз. Сол Заң жобасын Комитетте бяндадым. Оң қорытынды алдық. Қолдап жатқан әріптестеріме мың алғыс. Бұл Заң жобасында негізгі 7 бағыт бар. Бірінші бағыт. Қарыз алушылардың кредиттері бойынша борыштың өсуіне жол бермеу. Қарапайым сөзбен айтқанда, егер сіздің кредит бойынша төлемдеріңіз 90 күннен артық кешіктірілсе, онда сіз жаңа тұтынушылық несие ала алмайсыз! Екіншіден, мерзімі 90 күннен асқан берешегі бар азаматтарға, қарыздары бойынша сыйақы есептеуге тыйым салу ұсынылады. Өйткені, мұндай азаматтардың қарыздарын өтей алмауы, қиын өмірлік жағдайға тап болғандығын білдіреді! Үшіншіден. Проблемалық кредиттердің реттеу процедурасын іске асыру. Соңғы жылдары банктер мен микроқаржы ұйымдарының өз баланстарын тазарту үшін жеке тұлғалардың проблемалық несиелерін үлкен жеңілдікпен коллекторлық агенттіктерге беру тәжірибесі қалыптасқан. Сондықтан жеке тұлғаның кредиттерін коллекторлық агенттікке сатуға тыйым салу. Төртіншіден. Тұтынушылық кредит сомасын шектеу. Тұтынушылық кредит беру сомасы банкілер үшін – 5 млн., микрокредиттік мекемелер үшін – 2 млн. Бесіншіден. Макропруденциальды нормативті қосымша шектеу шарасы ретінде ұсынылады. Яғни, қарыз алушының табысының жартысынан кредиттен аспау керек. Екінші бағыт – мерзімі өткен берешекті сотқа дейін реттеу шеңберінде азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту Соңғы жылдары тұтынушылық кредиттеудің өсуі аясында азаматтардың проблемалық берешек деңгейін төмендетуге көмек көрсету бойынша депутаттардың да атына көптеген өтініштер түсуде. Алайда, қазіргі уақытта банк омбудсманы тек ипотекалық несиелер бойынша дауларды ғана қарастырады. Осыған байланысты, банк омбудсманына азаматтардың барлық кредиттері бойынша дауларды реттеу міндетін енгізу ұсынылады. Сондай-ақ, банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлар үшін банк омбудсманының шешімдерін орындау міндеттілігі енгізіледі. Қарыз алушылардың мүдделерін қорғаудың қосымша шарасы ретінде атқарушылық іс жүргізу шеңберінде кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды жылу беру маусымында жалғыз тұрғын үйден шығаруға тыйым салынады. Қазіргі уақытта мұндай тыйым халықтың әлеуметтік осал топтарына қатысты қолданылады. Кредиттер бойынша берешекті өндіріп алу процесінде қарыз алушыларды қолдау үшін заң жобасында қарыз алушының банктік шотында сақталатын ақша сомасын ең төменгі күнкөріс деңгейінің бірден екі еселенген мөлшерге дейін (81,2 мың теңге) ұлғайту көзделеді. Төртінші бағыт – Атқарушылық іс жүргізу шеңберінде азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту. Бізде лицензиясынан айырылған және бүгінгі күні жұмыс істемейтін банктер бар екенін өздеріңіз білесіздер. Бірақ осы бактердің артында соттан тыс банкроттық рәсімін пайдалана алатын борышкерлер қалды. Ал қазіргі кезде олардың соттан тыс банкроттық рәсімін қолдануға мүмкіндіктері жоқ. Ал ұсынылып отырған жаңа норма, осындай борышкерлердің құқықтарын кеңейтуге мүмкіндік береді. Енді берешекті реттеу рәсімін жүргізу туралы мәліметтерді кредиторлар тікелей кредиттік бюроларға жіберетін болады. Бесінші бағыт - Кредиттер бойынша алаяқтықты азайту. Алтыншы және жетінші бағыттар - Банктердің стрестік активтерін экономикалық айналымға қосу және Синдикатталған қаржыландыруды дамытуға арналған. Қаржы мекемелеріне стресстік активтерді қосқанда міндеттеме ұсынады, ол арнайы цифрлік платформа арқылы жасалады.