Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңірлік университетінің ұжымымен кездестім. Университет қарқынды даму үстінде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Heriot-Watt университетінің Ақтөбе қаласындағы филиалының білім беру және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен танысқандығы баршамызға белгілі. Университетте еліміздің 9 өңірінен келген 300 студент білім алуда. Олардың 35 пайызы ауыл мектептерінің түлегі, ал 42 пайызы әлеуметтік жағдайы төмен санаттағы отбасылардың балалары.
Электр энергетикасы, мұнай инженериясы және энергетикалық менеджмент, компьютерлік инженерия мамандықтары бойынша кадр даярлау ісі ағылшын тілінде жүргізіледі. Бұл мамандықтарға енбек нарығындағы сұраныстың жоғары екендігін ескерсек, Heriot-Watt университетінің Ақтөбе қаласындағы филиалы жұмысының өзектілігі арта түседі.
Ғалымдармен кездесу барысында Президентіміздің ғылымды дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлетіндігі, сәйкесінше Жолдауларында ғылыми зерттеу деңгейін арттыруға жасалған нақты шаралары талқыланды.
Ашық микрофон арқылы университет ғалымдары әлеуметтік салаға арналған сауалдар мен ұсыныстарын жолдады, көкейіндегі сұрақтарын айтты.
Университет ректоры Лаура Карабасова Лаура Чапайқызына және университет ұжымына барлық бастамаларының сәтті орындалуына тілектеспін.