21-22 шілде күні Сыр өңіріне Қазақстан Халық партиясы фракциясының, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гаухар Танашева жұмыс сапармен келді.
Өздеріңіз білесіздер, Гаухар Шаймерденқызы Мәжіліс мінберінде көпбалалы, жалғызбасты аналардың, сондай-ақ ерекше балалары бар аналардың мұң-мұқтажын көтеріп жүрген депутат.
Ең алдымен Қызылорда қаласының әкімі А.Шәменовпен кездесіп, одан кейін Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейіне барды. Соңғы үлгідегі заманауи білім ошағының тыныс-тіршілігімен танысқан Мәжіліс депутаты еліміздегі қала мен ауылдағы әрбір мектеп осындай болу керек деген жоғары баға берді.
Сондай-ақ Талсауат ауылдық округінде орналасқан «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығына» арнайы барып, ондағы ерекше балаларды көзбен көріп, жағдайын білді.
Одан кейін қаладағы М.Ералиева атындағы мәдениет үйінде көпбалалы аналармен кездесіп, қоғамдық қабылдау өткізді. Кездесу барысында Қызылорда қаласы аналарының атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) алып тастап, орнына әр балаға жәрдемақы берілсе деген ұсынысын тыңдады.
Сонымен қатар Қазақстан Халық партиясы Қызылорда облыстық филиалы ұйымдастырған жасөспірімдер арасында жылдам шахматтан облыстық турнирдің ашылу салтанатына қатысып, жас өрендерге сәттілік тіледі. Мәжіліс депутаты Қызылорда қаласында өткізген бір күнінде біршама орталыққа барып, жүздеген халықпен кездесті. Оңтүстік облыстарды сапарлап келе жатқан депутат басқа өңірлермен салыстырғанда Сыр елінің біршама алда екенін қуанышпен жеткізді.
Одан кейін 22 шілде күні туған жері Қармақшы ауданының жұртшылығымен жүздесіп, көпбалалы аналармен кездесті.