Міне, 2023 жыл да аяқталып келеді. Осы жылға қорытынды жасағым келіп отыр, бірақ маған маза бермейтін "БІРАҚ" дейтін нәрсе көп.
Ресми жауаптар мен сылтаулардан нақты әрекеттерге көшу керек.
Егер Үкімет тиісті шараларды қабылдамаса, бұл сөзсіз қоғамдағы әлеуметтік шиеленістің күшеюіне, кедейшілікке, халықтың ауқатты және әлеуметтік осал топтары арасындағы алшақтықтың ұлғаюына, болашақ ұрпақ – балалардың өмір сүру деңгейі мен сапасының төмендеуіне алып келеді.
Осы жылдың сәуір мен желтоқсан айлары аралығында мен 7 депутаттық сауал жолдадым. Олардың барлығы халықтың әлеуметтік осал топтарының, көп балалы, толық емес отбасында бала тәрбиелеп отырған және ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналардың мәселелеріне қатысты.
Үкіметтен келіп түскен жауаптардың бірде-біреуі оң нәтижемен келген жоқ. Барлық жауаптар стандартты «отписка» түрінде.
Халықтың көкейінде жүрген мәселелерді көтеріп жүрген депутаттардың барына қуанамын. Бірақ біз жүйенің темірдей қабырғасын бұза алмаймыз.
Халықтың мәселесін көтеріп жүрген депутатты бәрі «популист» дейді.
Ал әрекетсіз Үкіметті– «еститін мемлекет» дейді.
Дамыған әлеуметтік мемлекет құрғымыз келсе, өзекті мәселелерді шешу үшін Үкімет пен Депутаттық корпус күш біріктіруі керек деп санаймын.