Танашева
Гаухар
Шаймерденқызы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
4 және 5 бала тәрбиелеп отырған анаға лайықты мәртебе бекіту туралы депутаттық сауал

2023 ж. «27» қыркүйекте жарияланды                  Қазақстан Республикасы  

                                                                            Премьер-Министрі                       

                                                                            Ә.А.Смайыловқа
                                                                           

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Әлихан Асханұлы!

 «Отан отбасынан басталады», «Мықты отбасы - мықты мемлекет», «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген сөздер бекер айтылмаған. Ел ертеңін бүгінгі жас ұрпақ, жас отбасылар қалыптастырады. Сондықтан біз отбасы беделін, Ана мәртебесін көтеруіміз керек. Отбасын нығайтып, ғасырлық салт-дәстүрді сақтау, балаларымызды өз Отанын сүйетін, тарихы мен мәдениетін құрметтейтін, лайықты және әдепті адам етіп тәрбиелеу– мемлекеттігіміздің дамуының кепілі.

Мен өзім Ана ретінде айтатын бір ұсынысым бар. Бұрын Аналар ең сыйлы, қадірлі дәрежеде болған. Ана десе бәрі тік тұрған. Сол дәрежені қазіргі уақытта қайта оралту керек. Көпбалалы болу қазақ халқының салт-дәстүрінің бірі ғой. Үлкен отбасында балалар тату, ұйымшыл, көпшіл болып өседі, ерте еңбек бағасын түсінеді. Кез келген мемлекеттің дамығандығы, оның аналар мен балаларға жасаған қамқорлығынан көрінеді.

Осы жылдың 19 сәуірінде өткен әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне арналған кеңейтілген отырыста Мемлекет басшысы балалардың қауіпсіздігі мен отбасы құндылықтарын нығайтудың маңызды мәселесін көтерген болатын. Және біздің мақсатымыз – әрбір адам өзін қауіпсіз сезінетін қоғам құру екенін баса айтты. Еліміздің осы қауіпсіздігі мен гүлденуін қамтамасыз етуде көпбалалы отбасыларды қолдау маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.

Көпбалалы аналардың мәртебесін анықтау демографиялық тұрақтылықты сақтаудың, отбасы құндылықтарын нығайтудың және қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудің ажырамас қадамы болып табылады. Бұл бірқатар негізделген себептерге байланысты, мысалы:

Демографиялық жағдай: бала тууды ынталандыру және көпбалалы отбасыларды қолдау елдегі демографиялық жағдайдың тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды факторлары болып, болашақта халық санының өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Экономикалық жүктеме: көп бала тәрбиелеу әдетте отбасына айтарлықтай экономикалық жүктеме әкеледі. Көпбалалы аналарды қолдау, оларға тұрақты негізде жеңілдіктерді алуға мүмкіндік беру-ауыртпалықты және  бала туу туралы шешімді қабылдауды жеңілдетеді.

Әлеуметтік әділеттілік: көпбалалы аналарға өмір бойы мәртебе мен жеңілдіктер беру арқылы көпбалалы отбасылар дәрежесін көтеріп, олар өздерін төмен бағаламайтындай, ауыртпалықсыз әділ қоғам құруға көмектеседі.

Өздеріңізге белгілі, биыл көпбалалы отбасылардың әлеуметтік мәселелерін шешуге байланысты бірқатар мәселелер туындады. Қазіргі кезде елімізде 550  мыңан астам көпбалалы отбасы тіркелген, 493 мың отбасы 4 және 5 бала тәрбиелеп отыр. Бірақ бұл отбасылар үлкен балалары 18 жасқа толғаннан кейін (жоғары және орта білім беру ұйымдарына күндізгі оқуға түскен балаларға 23 жасқа толғанға дейін) жәрдемақыдан да, басқа мемлекет тарапынан берілетін көмектен де айырылады. Ал көпбалалы ана мәртебесі тіпті қарастырылмаған.

Көпбалалы аналарға арналған мемлекеттік наградалар мен жеңілдіктер қазіргі қажеттіліктерге сәйкес келетін заманауи жаңартуды қажет етеді.

Негізгі өзгерістердің бірі орденді тағайындау критерийлерін қайта қарау. Сонымен қатар, инвестицияларды осы бағытқа бағыттай отырып, көпбалалы аналарды қаржылық және инфрақұрылымдық қолдау.

Бұл бастаманың негізгі мақсаты – көпбалалы аналарға арналған марапаттарды жаңарту және олардың заманауи қоғамда лайықты құрмет пен қолдауға ие болуын қамтамасыз ету.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, біз келесі шараларды қабылдауды қарастыруды ұсынамыз:

I. «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 12 желтоқсандағы № 2676 Заңына VI. Көп балалы аналарға арналған наградалар бөлімі 4 және 5 баланы туған немесе асырап алған көпбалалы аналарға «Кола алқа» наградасымен толықтырылсын немесе мынадай өзгертулер қарастырылсын:

ІІІ дәрежелі «Ана Даңқы» 4 және 5 баланы туған немесе асырап алған көпбалалы аналарға;

 ІІ дәрежелі «Ана Даңқы» 6 баланы туған немесе асырап алған көпбалалы аналарға;

 I дәрежелі «Ана Даңқы» 7 және одан да көп бала туған немесе асырап алған көпбалалы аналарға.

II. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 12 желтоқсандағы № 2676 Заңынан, атап айтқанда "Алтын алқа", "Күмiс алқа" алқасымен жеті, алты бала туған және тәрбиелеп өсiрген аналар жетінші, алтыншы «баласы бiр жасқа жеткен және басқа балалары тiрi болған ретте наградталады» шарты алып тасталсын немесе осы шартта баланың жасын алты айға толғанға дейін қысқарту қарастырылсын. Себебі құжаттарды рәсімдеу 1,5 жылға дейін созылады.

III. «Ана Даңқы» немесе «Қола алқа» мәртебесі бар көпбалалы аналарға бірқатар салықтар мен мемлекеттік баждарды төлеуден босату бөлігінде жеңілдіктер берілсін:

көлік құралдары бойынша салық (бір автокөлік құралы бойынша);

тұрғын үй қоры иеленген жер учаскелері, оның ішінде ондағы құрылыстар мен ғимараттар бойынша салық;

үй жанындағы жер учаскелері бойынша салық;

жеке тұлғалардың мүлкі бойынша салық (1000-еселік мөлшердегі АЕК шегінде);

нотариалдық әрекеттер жасаған кезде мемлекеттік баж салығы (барлық нотариаттық әрекеттер бойынша);

зияткерлік меншік саласында уәкілетті мемлекеттік орган заңды маңызы бар әрекеттер жасаған кезде мемлекеттік баж салығы сияқты бірқатар салықтар мен мемлекеттік баж төлеуден босатылсын.

IV. Қолданыстағы Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне I, II және III дәрежелі «Ана Даңқы» немесе «Қола алқа» ордендерімен марапатталған аналарға мынадай мөлшердегі жәрдемақы қарастырылсын:

ІІІ дәрежелі «Ана Даңқы» немесе «Қола алқа» 4 және 5 баланы туған немесе асырап алған көпбалалы аналарға – 5,40 айлық есептік көрсеткіш;

ІІ дәрежелі «Ана Даңқы» 6 бала туған немесе асырап алған көпбалалы аналарға – 6,40 айлық есептік көрсеткіш;

I дәрежелі «Ана Даңқы»  7 бала туған немесе асырап алған көпбалалы аналарға – 7,40 айлық есептік көрсеткіш.

    V. I, II және III дәрежелі «Ана Даңқы» немесе «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Қола алқа» ордендерімен марапатталған аналарға қосымша келесі жеңілдіктер қарастырылсын:

Жауапты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде жазбаша түрде беруіңізді сұраймыз.

Құрметпен,

Парламент Мәжілісінің Депутаттары                      

          «Қазақстан Халық партиясы»

          фракциясының мүшелері                                          Г. Танашева

                                                                                                       М. Магеррамов

                                                                                                       И. Смирнова

                                                                                                       Қ. Сейітжан                                                                                   

                                                                                                       И. Сұңқар

«AMANAT» партиясы
фракциясының мүшесі
                                                 Ж.Сулейменова                           

                                                                                            Д. Исабеков

                                                                                            

 «Respubliсa» партиясы

  фракциясының мүшесі                                                  Н. Тау

        «Жалпыұлттық

        социал-демократиялық партиясы»

        фракциясының мүшесі                                                   А. Сағандықова

«Ауыл» партиясы

 фракциясының мүшесі                                                  Т. Серіков