Танашева
Гаухар
Шаймерденқызы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Депутаттық сауал

2024 ж. «24» қаңтарда жарияланды                       Қазақстан Республикасы  

                                                                            Премьер-Министрі                       

                                                                            Ә.А.Смайыловқа

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Әлихан Асханұлы!

Елімізде әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылардың саны күн сайын артып келеді. Осыдан бір жыл бұрын Мемлекет басшысы: «Халықтың әл-ауқатын көтеру мен табысын арттыру басты міндетіміз», – деп Үкімет алдында нақты талап қойған болатын.

Дегенмен, аталған мәселе әлі де шешімін таппай келе жатыр. Ал, Үкімет халықтың табысын арттыруға бағытталған кешенді жоспарының тек жылын созумен айналысуда. Яғни, аталған кешенді жоспар тек құжат күйінде, декларативтік нормалармен ғана көмкеріліп қалды.

Қазақстанның басты әлеуметтік проблемаларының бірі - кедейліктің жоғары деңгейі. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2023 жылы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халық саны, рекордтық көрсеткіш, 1,1 миллион адамды құраған. Алайда, сарапшылардың бейресми бағалауы бойынша, кедейлік деңгейі көрсетілген көрсеткіштен де жоғары болуы мүмкін. Бұл адамдардың табысы 50 мың теңгеден де аз, және олардың тек жартысына ғана атаулы әлеуметтік көмек беріледі. Бүгінгі таңда халықтың әлеуметтік осал топтарына (көпбалалы аналар, толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналарға) арналған жәрдемақыларды қалыптастыру саясаты осы санаттың қажеттіліктері мен үміттерін қанағаттандырмай отыр. Көпбалалы отбасылардың мысалында қарастыратын болсақ, отбасылардың жалпы санының тек 7%-ы ғана атаулы әлеуметтік көмек алады, ал қалған 93% -ы біздің Үкіметтің пікірінше, жағдайы бар, көмекке мұқтаж емес отбасылар екен. Шын мәнінде барлығы басқаша – көпбалалы отбасылардың 80%-ы кедейлік шегінде өмір сүруде.

Бірақ, сонда да атаулы әлеуметтік көмек ала алмайды, себебі отбасылар әдеттегі мемлекеттік органдардағы бюрократияға тап болады. Мен бұған дейін  атаулы әлеуметтік көмекті алып тастап, отбасындағы бала санына қарамай, әр балаға жеткілікті нақты көлемде бірыңғай жәрдемақы тағайындауды ұсынған болатынмын. Балаларға лайықты жәрдемақы алу - көпбалалы отбасындағы ата-ананың біреуінің ғана жұмыс істеуіне, екіншісіне балалардың тәрбиесімен айналысуға және қауіпсіздігін бақылауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда балалардың үнемі қараусыз қалатынын көрудеміз, себебі ата-ананың екеуі де жұмыс істеуге мәжбүр. Бізге көпбалалы отбасылардың толық қамтамасыз етілгендігі туралы айтудың қажеті жоқ! Қазіргі уақытта 1 балаға берілетін жәрдемақы мөлшері көбейді деп жар салып жатырсыздар, ал іс жүзінде небәрі айына 970 теңгеге ғана көтерген! (былтырғы жылы айына 13 826 теңге болса, осы жылы 14 795 теңге). Айтыңыздаршы, күніне 477 теңгеге бір баланы асырауға болады ма? Инфляцияның тұрақты өсуі, экономикалық жағдайдың тұрақсыздығы, тұрғын үйдің жоқтығы және тұрақты жұмыстың болмауын ескерсек, бұл отбасыларға берілетін жәрдемақының мөлшері өте аз!

Елімізде соңғы уақытта қайғылы оқиғалар жиі болып жатыр, азаматтарымыздан айырылудамыз. Бұндай оқиғалардың орын алуының бірден-бір басты себебі - кедейлік. Жақында Жетісу облысында жергілікті атқарушы органдармен кездесуден кейін көпбалалы ананың өз-өзіне қол жұмсауы, Атырау облысында қарыздың көбеюі салдарынан көпбалалы әкенің өзін-өзі өртеуі, сондай-ақ 2019 жылы Аягөз және Астана қалаларында балалармен болған қайғылы жағдайлар, осының барлығы - еліміздегі кедейліктің өсуінің қайғылы мысалдары.

Халық жыл сайын тұтынушылық несиеге батып барады. Егер адам азық-түлік сатып алу үшін несие алатын болса, бұл Үкіметтің әлеуметтік қолдауының көрсеткіші өте нашар екендігін білдіреді. Дәл бұндай жағдай аз қамтылған азаматтардың әлеуметтік жағдайына теріс әсерін беріп, олардың өмірін тұрақсыздандырады.

 

Құрметті Әлихан Асханұлы!

Осы уақытқа дейін, еліміздегі әлеуметтік мәселелерді реттеу үшін арнайы 7 депутаттық сауал жолдадым. Олардың барлығы әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардың табысын арттыру, өмір қиындығын көріп жүрген аналарды тығырықтан шығару еді.

Бірақ, біз баяғыша мардымсыз «отписка» жауаптар алып келеміз. Иә, Үкіметтің қауқары, не болмаса қаржысы жоқ шығар, дегенмен, проблеманы шешу сіздердің тікелей жауапкершіліктеріңіз!

 «Күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет». Бұл әлі орындалған факт емес, бұл – мақсат, және оған біз жеделдетілген қарқынмен қозғалуымыз қажет. Саяси жүйенің бұл формуласы мемлекет тұрақтылығының негізі болып табылады.

Әр Пленарлық отырыста депутаттар халықтың өзекті тұрмыстық мәселелерін баяндайды. Тек айтып қана қоймай, жергілікті деңгейдегі мәселелерді шешіп жатыр. Табиғи ресурстарға бай елде тұрып, халқымыз қарапайым мәселелерге тап болуда: су жоқ, жарық жоқ, газ жоқ, жылу жоқ, ақша жоқ... Үкіметтің жауаптарына қарасақ, бұл фактілер орындалу сатысында «шешіліп, бақылауға алынып, қарастырылып жатыр». Алайда, күнделікті жаңалықтарда, әлеуметтік желілерде және өңірлерді аралау кезінде өз көзімізбен басқа жағдайды көрудеміз. Шын мәнінде халықтың басым көпшілігі күндерін әрең көріп жүр, халықтың сапалы өмір сүруіне жағдай жеткіліксіз жасалған!

Мысалы, Маслоу пирамидасын қарайтын болсақ, ең төменгі сатыда негізгі қажеттіліктерді қанағаттандыру тұр, яғни ол тамақ, баспана, қауіпсіздік. Бұл қажеттіліктерді өтемейінше, біз алға жылжымаймыз. Баспана – ең бірінші қажеттіліктің бірі! Ал қаншама адамдар жылдап кезекте тұрып, сол несиеге алынатын үйді армандап жүр. Мемлекет басшысы 2019 жылы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында: «Негізгі қағидат – тұрғындар, әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру», «Менің Үкіметке тапсырмам - кезекте тұрған аз қамтылған көпбалалы отбасыларға баспана беру мәселесін үш жыл ішінде шешу керек. Бүгінде олардың саны 30 мыңға жуық» деп атап өткен болатын. Президенттің тапсырмасы бойынша, Үкімет 3 жыл ішінде кезекте тұрған 30 мың көпбалалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге тиіс болатын. Кәзір тұрғын үй кезегінде 114 559 отбасы тұр. Ресми статистика деректері бойынша 2019 жылдан 2022 жылға дейін, 4 жыл ішінде «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтары санаты үшін 34 332 несие берілген. Оның ішінде 9774 көпбалалы отбасы бар. Нәтижесінде, Үкімет 4 жыл ішінде Президент тапсырған 30 мыңның тек 33%-ы ғана орындалды. Еліміздің белсенді өсіп келе жатқан халқына бұл несиелеудің көрсеткіштері өте төмен. Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін қолданыстағы ипотекалық бағдарламаларды қайта қарастырып, несие алу рәсімдерін жеңілдетіп, қойылатын талаптарды азайту керек. Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасына сәйкес, бөлінген баспана санын көбейту қажет!

         Мемлекет басшысы «Әрбір басқару деңгейінде кедейлікті азайтудың нақты көрсеткіштерін белгілеу керек» деп атап өткен болатын. Бірақ қазіргі қолданылып жатқан шаралардың тиімділігі аз. Сондықтан, біз дамыған Әлеуметтік Мемлекет құрғымыз келсе, Үкімет өзекті мәселелерді шешу үшін Депутаттық корпуспен күш біріктіруі керек деп санаймыз.

Жоғарыда аталғандарды ескере отырып, келесі шараларды қарастыруды ұсынамыз:

Жауапты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде жазбаша түрде ұсынуды сұраймыз.

Құрметпен,

Парламент Мәжілісінің Депутаттары                      

          «Қазақстан Халық партиясы»

          фракциясының мүшелері                                          Г. Танашева

                                                                                                       М. Магеррамов

                                                                                                       И. Смирнова

                                                                                                       Қ. Сейітжан                                                                                   

                                                                                                       И. Сұңқар

«AMANAT» партиясы
фракциясының мүшелері                                              Н. Сабильянов

                                                                                             Қ. Балабиев

                                                                                             Г. Нұрымова

                                                                                             Д. Исабеков

                                                                                             

 «Respubliсa» партиясы

  фракциясының мүшесі                                                  Н. Тау

        «Жалпыұлттық

        социал-демократиялық партиясы»

        фракциясының мүшесі                                                   А. Сағандықова

«Ауыл» партиясы

  фракциясының мүшесі                                                  Т. Серіков

Бірмандаттық  аумақтық сайлау

округі бойынша сайланған депутаттар                        Е. Бапи

                                                                                              Д. Мұқаев