Тау
Нұргүл

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік - мәдени даму комитетінің Хатшысы

Депутатқа хат
Білім беру ұйымдарының техникалық персоналының жекелеген санаттарына еңбек демалысына сауықтыру жәрдемақыларын төлеу мәселесі бойынша

Депутаттық сауал

Құрметті Әлихан Асханұлы!

Менің депутаттық сауалыма азаматтардан «Respublica» партиясына білім беру ұйымдарының техникалық персоналының жекелеген санаттарына еңбек демалысына сауықтыру жәрдемақыларын төлеу мәселесін шешу бойынша түскен көптеген өтініштер себеп болды.

Қазақстанда бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің 139-бабының 10-тармағына сәйкес еңбек демалысына лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақыларды төлеу мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын азаматтық қызметшілерге жүзеге асырылады.

Кодекстің 1-бабы, 1-тармағының 2)-тармақшасына сәйкес, азаматтық қызметші -  Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қазыналық кәсіпорындарда, мемлекеттік мекемелерде ақы төленетін штаттық лауазымды атқаратын және олардың міндеттері мен функцияларын іске асыру, мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыру мен олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында лауазымдық өкілеттіктерді жүзеге асыратын адам.

Алайда, «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысының 3-қосымшасында азаматтық қызметшілердің құрамына еңбегі Жұмысшылардың жұмыстары мен кәсіптерінің Бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығына сәйкес кәсіптік даярлық пен арнайы білімді талап ететін білікті жұмысшылар ғана енгізілген.

«Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгілік штаттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы №77 қаулысына сәйкес біліктілігі жоқ жұмысшылар, мысалы, қызметтік үй-жайларды тазалаушылар, аула сыпырушылар, ас үй жұмысшылары, күзетшілер, вахтерлер, кастелляншалар және басқалар борттан тыс қалуда, өйткені оларға жұмысқа қабылдау кезінде біліктілігін растау талап етілмейді. Тиісінше, аталған санаттар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 29 қаңтардағы №123 бұйрығымен бекітілген Білім және ғылым саласындағы азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізіліміне кіргізілмеген. Қызметкерлердің осы санатына ақылы еңбек демалысына шыққан кезде сауықтыруға арналған жәрдемақы төленбейді.

Ресми статистика көрсеткендей, Қазақстанда 10871 мектепке дейінгі ұйымдар, 7550 білім беру мектептері, 724 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары, 1312 қосымша білім беру ұйымдары жұмыс істейді.

Орта есеппен жобалық қуатына қарай бір білім беру ұйымына негізгі контингенті халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан азаматтар, көп балалы аналар, мүгедектер және т.б. құрайтын, жасы 40-тан 60 жасқа дейінгі 10-нан 50-ге дейін біліктілігі жоқ жұмысшылар қызмет көрсетеді.

Өтініш білдірген азаматтар ұйымдардың қалыпты жұмыс істеуі үшін, көбінесе зиянды еңбек жағдайларымен байланысты, айталық, үй-жайларды, санитарлық тораптарды жинау кезінде олардың денсаулығына әсер етуі мүмкін зиянды химиялық немесе биологиялық қоспаларды қолданатын қиын жұмыстарды орындайды деп шағымданады. Бұл ретте, олар өздерінің біліктілігін растайтын қызметкерлердің басқа санаттары (зертханашылар, іс жүргізуші, мұрағатшы және т.б.) сияқты ақылы еңбек демалысына шыққан кезде өтемақы алу мүмкіндігінен айырылған.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес азаматтардың денсаулығын қорғауға және еңбегі үшін қандай да бір кемсітусіз сыйақы алуға құқығы бар.

ҚР Еңбек кодексінде «азаматтық қызметші» ұғымына санаттарға бөлінбестен нақты анықтама берілгеніне қарамастан, Үкіметтің №1193 қаулысымен азаматтық қызметшілер санаттарының қолданыстағы шектелуі азаматтардың конституциялық құқықтарын тікелей бұзу болып табылады.

Қызметкерлердің аталған санаттарының құқықтарына нұқсан келтіру қоғамда елеулі резонанс туғызады, себебі әлеуметтік теңсіздік елдегі қоғамдық-саяси жағдайға күтпеген салдар тудыруы мүмкін.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, құрметті Әлихан Асханұлы, осы мәселеге Сіздің назарыңызды аудара отырып:

1) осы депутаттық сауалда баяндалған мәселелерді қарау және техникалық персоналдың жекелеген санаттарына сауықтыру жәрдемақыларын төлеу мүмкіндігіне тиісті талдау жүргізуге;

2) «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысына азаматтық қызметшілердің санаттарын кеңейтуге байланысты өзгеріс және «Білім және ғылым саласындағы азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізілімін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 29 қаңтардағы №123 бұйрығына біліктілігі жоқ жұмысшыларды азаматтық қызметшілер тізіліміне қосу бөлігінде толықтыру енгізу мүмкіндігін қарастыруға ұсыныс беремін.