Құрметті Алихан Асханұлы!
Депутаттық сауалыма ата-аналар қауымынан «Respublica» партиясына мектеп оқушылары мен жастар арасында «вейп» атымен танымал тұтынудың электрондық жүйелерінің жаппай таралуына тыйым салу туралы түскен өтініштері себеп болды.
Қазақстанда құрамында белгісіз химиялық заттар мен никотиннің едәуір мөлшері бар тұтынудың электрондық жүйелерінің немесе вейптердің жастар арасында жоғары қарқынмен таралуы эпидемия сипатына ие болды. Оған мынадай статистика куә: ҚР Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша 2020 жылдан бастап вейп нарығы 300 есеге жуық өсті
Ресми деректерге сәйкес еліміздегі 0-17 жас аралығындағы балалар саны 6,5 млн., оның 3,2 млн. 9-17 жас аралығындағы балалар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2018 жылы Қазақстанда жүргізген зерттеуінің қорытындысы бойынша 15 жастағы ұлдардың 14%-ы, қыздардың 6%-ы вейпті бір рет қолданып көрсе, 11-15 жастағы ұлдардың 8,5%-ы, қыздардың 3,8%-ы үнемі тұтынған. Бұған дейінгі жылдардың деректерімен (2014) салыстырғанда ұлдарда үш есе, қыздарда екі есе вейпті қолданудың өсімі байқалады.
2022 жылы жүргізілген зерттеулердің нәтижелері 2018 жылғы деректермен салыстырғанда одан да көп ұлдар мен қыздар вейптерді тұтына бастағанын көрсетті, оның ішінде өмір бойы қолдану 3,6%-ға, соңғы 30 күнде пайдалану 2,7%-ға өскен. Әсіресе, өсімнің екі есеге артуы 13 – 15 жас аралығындағы балалар арасында байқалады.
Бұл 1 млн. баланың вейпті қолданып көргенін көрсетеді.
Осы жағдайға бірнеше факторлар әсер етуде.
Біріншіден, бизнестің жоғары пайда табушылығын ескерсек, вейп-индустрия балалар мен жастарға бағытталған маркетингті қолдануда. Нәтижесінде вейптер балаларға аумақтық жағынан да және бағасы бойынша да қолжетімді. Әр вейптен артық пайда, оның түрлеріне қарай 6 АҚШ доллардан және одан жоғары болады.
Екіншіден, қазіргі уақытта вейп және хош иісті сұйықтықтар нарығы заңнаманың кемшіліктері мен веп-индустрияның маркетингтік стратегиясына байланысты реттелмей келеді. 2022 жылдың қазан айына дейін вейптер Сыртқы экономикалық қызмет тауар номенклатурасы (СЭҚ ТН) 8543 «Осы топтың басқа жерінде аталмаған немесе енгізілмеген жеке функциялары бар электр машиналары мен аппаратуралар» коды бойынша акциздік баж төлемей әкелінді. Осы код бойынша 2020-2022 жылдары аралығында елімізге 3 млн.-ға жуық вейп импортталды.
Үшіншіден, вейп сатушыларының маркетингтік тәсілі вейптерді «зиянсыз» және балаларға арналған өнім ретінде ұсынады. Бұл қауіпті өнімді сауда орындарында, оның ішінде азық-түлік дүкендерінде баланың көз деңгейінде (тәттілер, сағыз және т.б. жанында) орналастырады. Сондай-ақ вейптердің сыртқы қораптары, пакеттері түрлі-түсті тартымды суреттермен безендіріліп, балалар мен жасөспірімдер аудиториясына бейімделген.
Төртіншіден, вейптердің қолжетімділігі, олар елдің кез-келген бөлшек сауда дүкенінде зиянсыз тауар ретінде сатылады. Жасөспірімдерге тән абайсыздық пен қызығушылық вейпті қолданудың осы жас санатына таралуын жеңілдетеді. Жану мен түтіннің иісі жоқ, хош иістенгіштер ингаляциялық никотинді қолдануды бүркемелейді, ата-аналар балаларында никотинге тәуелділік бар екенін ұзақ уақыт білмей келеді.
Қазақстанда тұтынудың электрондық жүйелерінің сұйықтықтарында никотин мөлшерінің рұқсат етілген шекті деңгейі 1 мг/ см3, алайда Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің зерттеу нәтижелері бойынша никотин мөлшері 67,6 мг/см3 құрап, рұқсат етілген деңгейден ондаған есе асып кеткені анықталды.
Бесіншіден, вейптердің қаржылық қолжетімділігі, орташа есеппен вейптердің бағасы 2000 теңгеден басталады. Мектептердегі балалар вейптерді ортақ пайдалану үшін жиналып сатып алады, бастауыш сынып оқушыларына бір рет қолдану үшін сату жағдайлары да болған. Балалар қолданылған вейптерді тауып, оны соңына дейін шегу прецеденттері бар.
2021 жылдан бері ҚР Денсаулық сақтау министрлігі вейптердің айналымына тыйым салу мәселесін көтеріп келеді. Өкінішке орай, бұл мәселе әліде ашық күйінде қалуда. Бұдан басқа, Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексте темекі өнімдерін, оның ішінде электронды өнімдерді сөрелерге қоюға тыйым салу туралы норма болуына қарамастан, сатушы кәсіпкерлер заңды сақтамайды. Себебі Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңнамасының сақталуына тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары мен тексеру парағын бекіту туралы ҚР Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 29 наурыздағы № 22 бұйрығында тұтынудың электрондық жүйелерін және олар үшін сұйықтықтарды орналастыруға және ашық көрсетуге тыйым салудың сақталуын тексеру туралы тармақ қарастырылмаған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі бірнеше рет ұсыныс енгізген, алайда Ұлттық экономика министрлігі тарапынан үш рет кері қайтарылған. Осының салдарынан сауда орындарын бүгінгі таңда тексеру мүмкіндігі жоқ.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде:
депутаттық сауалда қойылған мәселелерді қарауға және елімізде вейптер мен оның басқа түрлерін сатуға толығымен тыйым салу бойынша шаралар қабылдауға ұсыныс беремін.