Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің отырысы
Құрметті Нұртай Салихұлы!
Құрметті әріптестер!
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарындағы қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы (бұдан әрі – заң жобасы) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатында әзірленді.
Заң жобасы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласын құқықтық реттеудегі олқылықтарды жоюды және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жекелеген күштері қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік туғызатын нормаларды енгізуді көздейді.
Мәселен, «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» Қазақстан Республикасы Заңында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту және мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындаушыларды таңдау процесіне ашықтық енгізу мақсатында орындаушыларды конкурстық негізде таңдауды енгізу ұсынылады.
«Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiк органдары туралы», «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» заңдарында оның жекелеген нормаларын әскери қызмет және құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін регламенттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасымен біріздендіру, сыныптық біліктілікті растауды және сақтауды енгізу және тәжірибеде мазмұны бір мағынада түсіндірілмейтін бірқатар нормалардың редакциясын жақсарту ұсынылады.
Заң жобасы қабылданса оны іске асыру теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды, республикалық бюджеттен қосымша қаражатты талап етпейді.
Заң жобасын талқылау жұмыс тобында әлі де жалғасатын болады.
Комитет мүшелерінің қарауына ұсынылған қорытындының жобасын қолдауларыңызды сұраймын.