Толықбаев
Мақсат
Мәлікұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Р.В Склярға және Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Б.Н.Асыловқа депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы

Премьер-Министрінің орынбасары

Р.В.Склярға

Қазақстан Республикасының

Бас прокуроры

Б.Н.Асыловқа

Депутаттық сауал

Құрметті Роман Васильевич!

Құрметті Берік Ноғайұлы!



Алматы облысы, Қарасай ауданында қалыптасқан күрделі әлеуметтік жағдай мен ауданның мыңдаған тұрғындарының  «Қазақстан бойынша табиғи газға ең қымбат тарифпен төлеп отырмыз» деген шағымдары осы депутаттық сауал жасауға негіз болды.

Бізге Мәжіліс депутаттарына шұғыл байланысқа шығып, хабарласқан 500-ге жуық тұрғынмен кездесу үшін 2023 жылдың 26 мамырында осында келіп, тұрғындармен кездесу өткізіп, олардың арыз-шағымдарын тыңдадық. Мәселенің ушығып кеткені соншалықты, бұл дау шешілмесе екі аптадан кейін тұрғындар мыңдаған адам, жолды жауып, жаппай ереуілге шығатындарын ескертіп отыр.

Наразылыққа Қарасай ауданындағы Шамалған, Жандосов, Шалқар, Қайрат, Еңбекші, Құмарал, Үштерек секілді ондаған елді мекенді, сондай-ақ, «Арай» және «Дархан» саяжайларын газбен қамтып отырған «Сигма-Газ» ЖШС-нің бағаны қолдан көтеріп, газдың құнын 34,75 теңгеге көтеруі себеп болды. Ал басқа компаниялардан газ алатын іргедегі Қаскелең қаласының тұрғындары газдың әр текше метріне 26-27 теңгеден төлеп отыр. Бұл өте үлкен айырмашылық.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті 2023 жылдың қаңтар, ақпан айларында «Сигма-Газ» ЖШС-нің қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізіп, бірнеше заң бұзушылық фактілерді анықтаған. Анықтап қана қоймай, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 164 және 167 баптарына сәйкес, «Сигма-Газ» ЖШС-не 2 миллион теңге сомасына әкімшілік айыппұл салған.

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің 2023 жылғы 10 наурыздағы бұйрығына сәйкес, газдың бағасын негізсіз көтерген «Сигма-Газ» ЖШС-не шекті баға деңгейін газ бағасын әр текше метріне 34,75 теңгеден 28,94 теңгеге төмендетуге міндеттеп, артық төленген төлемді тұтынушыларға қайтару туралы шешім шығарған. Алайда, «Сигма-Газ» ЖШС газдың бағасын төмендету туралы құзыретті  мемлекеттік органның бұйрығын бүгінге дейін орындамаған. Яғни, құзыретті мемлекеттік органның ресми бұйрығы орындалмай қалған.

Алматы облыстық прокуратура мен Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті «Сигма-Газ» ЖШС-не өздері қабылданған ресми, шешім-бұйрықтарын орындата алмай дәрменсіздік көрсетіп отыр. Жергілікті тұрғындар арасында тіпті, осы құзырлы органдардың өзі «Сигма-Газ» ЖШС-нің мүддесін қорғап отырған жоқ па деген күдік пайда болды. Себебі, соңғы күндері бастамашыл топтың мүшелерін түрлі сылтаумен полиция бөлімшесіне шақырту көбейген.  

Сондай-ақ, тұрғындар «Сигма-Газ» ЖШС құбырымен келетін көгілдір отынды үйге кіргізгені үшін тым көп ақша төлейтіндеріне наразы. Бір үйді газ құбырына қосу 450 мың теңгеден жоғары.  

Құрметті Роман Васильевич, Берік Ноғайұлы мәселені әлеуметтік шиеленіске жеткізбей, тез арада арнайы мемлекеттік органдардан жұмыс тобын құрып, «Сигма-Газ» ЖШС-нің қызметіне жан-жақты ашық тексеру жүргізуді сұраймыз.   

 Жоғарыда баяндалғанның негізінде депутаттық сауалды қарауыңызды және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген тәртіппен жауап беруіңізді сұраймыз.

Қосымша: 4 парақ. 

 

         Құрметпен,

AMANAT партиясы фракциясының мүшелері

М.Толықбаев

                                                  Д.Қасқарауов

                                       С.Пономарев