Өңірлерге сапарымыз барысында Риддер қаласындағы ТЭЦ-қа бардық. Бұл ТЭЦ-қа депутат болмай тұрғанда келіп, сол кезде жағамды ұстап кеткен болатынмын. Өйткені, шаң, тозаң, терезелері жоқ, шатыры құлап, қаңырап қалған ғимарат еді.
Ал бүгін барып көргенім басқа дүние. Үкіметтен бөлінген 9 млдр 200 млн теңгеге бәрі жөнделген. Қазандықтардың, механизмдердің бәрі жұмыс істеп тұр. Іші таза. Жаңаланған. Ниеттенсек істей алады екенбіз ғой, – деген ой келді.
Риддердегі ТЭЦ тан кейінгі маңызды нысан – аурухана. Осыған орай, салынып жатқан емхана құрылысымен таныстық. Мердігер компания емхананы салып, жылуын жүргізгенімен тиісті қаражат бөлінбей отыр.
Жанындағы 30 жылдары салынған ескі ауруханаға бардық. Онда жағдай тіпті күрделі. Реанимация әбден ескірген. Іші тар. Емделіп жатқан адамдарға мүлде жағдай жасалмаған. Дәрігерлердің де аспаптары ескі. Риддерліктер осы осы аурухананы жылдамдатып бітіріп беруді сұрап отыр. Себебі, Риддерге 40-50 жылдан бері аурухана салынбаған.
Риддер қаласы өзі бір оңаша тұрған жер. Сондықтан жиырма жылдай бұрын Қазақстан тарапынан 37 шақырым жер Ресейге баратын жол салынған болатын. Тек қана асфальт төселген жоқ, басқа жұмыстарының бәрі жүргізілген. Өйткені ол Өскеменнен Риддер қаласына, одан әрі қарай Ресей Федерациясына баратын ең қысқа жол болатын. Сол жолды қайта қалпына келтіру керек. Қазір осы мәселе қарастырылып жатыр. Соны тезірек жүзеге асырсақ Риддер түкпірде қалған қалаға айналмай Ресей Федерациясына, таулы Алтайға, Барнаулға шығатын жол болар еді. Осы мәселені қолға алу керектігін айттым. Егер тура жол салынатын болса Өскенмен мен Риддердің арасы қырық бес шақырымға қысқарады. Сонымен қатар екі ел арасындағы поезд мәселесін де қарастырдық. Бұрын Риддер-Астана, Риддер-Алматы деген поездар болатын. Тиімсіз, адамдар аз деген себеппен тоқтатты. Олардың барлығын қалпына келтіру керек деген халықтың сұранысы бар. Тағы бір айтатын мәселе Риддерге 1973 жылдан кейін бір жыл бұрын бір ғана мектеп салынды.Алдағы уақытта жайлы мектеп жобасы арқылы мектеп салыну жоспарда бар. Жұмысшылармен кездесуде осы айтылған мәселелердің барлығы көтерілді.