Комитеттің кеңейтілген отырысында министрлік өкілдеріне келесі мәтінде сұрақ қойып, жауап алдым
ТУМАШИНОВ Ұ.Ш. Бұның бюджетке қатысы жоқ шығар, бірақ мен сіздің осында келгеніңізді пайдаланып қалайын. Мен жазда өңірлерді аралағанда Күршім ауданы мен Қатонқарағай ауданында болдым. Шулатып жатқан Маралды бар екенін өздеріңіз білесіздер. Енді мен екінші мәселені көтерейін деп отырмын. Алтай тауының үстінде 56 учаскені сіздер алып алтын барлауға бергенсіздер. Оны сізден бұрын берген, жазып алыңыз. Таудың үсті жайлау, елдің жайлауы, мал жайылатын жер. Қатонқарағай, Күршім ауданының бар малы соның үстінде. Қазір оның тұсында 56 учаскеде олар барлау емес, кәдімгідей қазып, кейбіреулері тіпті алтынды жуып жатыр. Оны неге тоқтатпайсыңдар? Былтыр осы мәселені көтеріп прокуратура арқылы тоқтатқанбыз. Енді қайтадан қайталанып жатыр. Бұның бәрін қайтадан алу керек, заңсыз берілген. Ол жер тек қана барлауға берілген. Елдің мал жаятын жерінде алтын қазып, (тракторлар, экскаваторлар, бульдозерлер) Алтайдың үстінде түк қалмады. Бұл не деген сұмдық? Сіздер соны білесіздер ме? Осыған жауап беріңізші.
АҚБАРОВ Е.Е. Сұрағыңызға рақмет. Өте өзекті сұрақ. 2018 жылы бізде жер қойнауын пайдалану жөнінде кодекс қабылданды. Сол кодекс бойынша біздің мемлекет жер қойнауын пайдаланушыларға үлкен мүмкіншіліктер берген. Оның ішінде тиімді пайдалану, кешенді пайдалану деген принциптердің бәрі алынып тасталған. Орысшалап айтқанда государство полностью самоустранилось от своих полезных ископаемых, дав на откуп недропользователям. Сондықтан, өкінішке қарай, қазір мемлекет тарапынан ешқандай бақылау және оларға тыйым салу механизмдері жоқ. Оны қайтадан қарау керек, біз бұны мойындаймыз, өйткені қазір заңсыз жер қойнауын пайдаланушылардың фактілері өте көбейіп кетті. Оны бақылау жергілікті атқарушы органға берілген, бірақ қазір ол жөнінде көптеген жұмыстар атқарылып жатқан жоқ шын мәнінде, өйткені олардың да құзыреті жоқ.
Заң жүзінде қабылданатын шешім керек, өйткені бұрын Геология комитетінде кез келген облыста 10 адамнан сол жұмысқа мемлекеттік бақылау жүргізілген. Өкінішке қарай қазір әр өңірдегі облыстық инспекцияда екі адамнан қалды. Екі адамның өзінде ондай құзырет жоқ. Мемлекеттік бақылау жасалынбайды. 5 жылдың ішінде ешқандай мемлекеттік бақылау жасалған жоқ. Қазу байлық жөнінен, шын мәнінде, үлкен сұрақтар бар.
ТӨРАҒА. Жақсы.
АҚБАРОВ Е.Е. Қазу байлық біздің болашағымыз екенін барлықтарыңыз білесіздер. Өкінішке қарай бұл бағытқа мемлекет тарапынан көңіл бөлініп жатқан жоқ. Оны мойындаймын.
ТУМАШИНОВ Ұ.Ш. Ерлан Есенәліұлы, ол жерде кім көрінген, қағылған-соғылған бәрі сол жерде жүр. Ол бір адамға неге 56 учаске берілген? Ол бәріне сатқан. Кім көрінген жүр.
АҚБАРОВ Е.Е. Заңды шешім қабылдамасақ солай болғаны болады, одан да жаманы болады.
ТӨРАҒА. Жақсы. Сіздер министрлік тарапынан сондай шешімді қабылдау үшін Үкіметке қандай ұсыныстар енгіздіңіздер? Министрлік тарапынан нақты ұсыныстарыңызды беріңіздерші комитетке әкеліп.
ТҰМАШИНОВ Ұ.Ш. (МИКРОФОНҒА ЕМЕС).
ТӨРАҒА. Үкіметке енгізген ұсыныстарыңызды. Заңға осындай өзгерістер керек деген. Біз өзіміз айналысайық одан кейін.
СӨЙЛЕУШІ. Жарайды.
ТӨРАҒА. Бар ма ондай ұсыныстар?
СӨЙЛЕУШІ. Болды. Бірнеше мәрте болды.
ТӨРАҒА. Сол нақты болған ұсыныстарды алып келіңіздер де, Ұлықбек Шабданұлына көрсетіңіздер. Мемлекеттік бақылау болу керек.
Сіз айтып отырсыз, шешім қабылдау керек деп. Шешім қабылдағанда осыдан бес жылдан бұрын қабылдау керек еді.
СӨЙЛЕУШІ. Ол кезде шешім жіберіліп қойған ол шешім.
ТӨРАҒА. Енді ондай ұсыныс болатын болса Үкімет неге заң жобасына енгізбеді? Неге шешім қабылдамады? Қазір былай айтып отырсыздар, ал айналып келгенде сол жазылған қағаздар да жоқ сіздерде. Ұсыныстар да жоқ берілген. Жәй осындай отырыстарға келесіздер, ана істеп жатырмыз, мынаны істеп жатырмыз деп. Ұсыныс берілді. Ал айналып келгенде сұрайтын болсақ ондай ұсыныстарды ешқандай жерден біз таба алмаймыз.
СӨЙЛЕУШІ. Мен шындық пен ақиқатты айтып отырмын.
ТӨРАҒА. Жақсы. Ол бар болса, көрсетіңіз.
ТҰМАШИНОВ Ұ.Ш. (МИКРОФОНҒА ЕМЕС).
ТӨРАҒА. Оның қажеті жоқ.
ТҰМАШИНОВ Ұ.Ш. Оны шешу керек.