«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы (бірінші оқылым)
Құрметті Нұртай Салихұлы!
Құрметті әріптестер!
Аталған заң жобасы тұрғын үй қатынастары саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірленген.
Өз баяндамасында вице-министр – Қарағойшин Тимур Жиенбайұлы заң жобасында ұсынылған негізгі аспектілерді атап өтті.
Жұмыс тобының атқарған жұмыстарына қысқаша тоқталып өтейін.
Үкімет ұсынған заң жобасында:
Біріншіден, халықтың әлеуметтік осал топтарының жекелеген санаттарының мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға бірінші кезектегі құқығы алып тасталған. Қолданыстағы норма бойынша бүгінгі таңда осындай құқыққа төрт санат ие болып отыр. (соғыс ардагерлері; жетім балалар; көп балалы аналар ("Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған) және көпбалалы отбасылар)
Депутаттар қолданыстағы норманы сақтап қалды.
Жұмыс тобы тізімді халықтың әлеуметтік осал топтарының санатын төрттен алтыға дейін кеңейте отырып, бірінші кезектегі құқықты қолдады.
Анықтама: қосымша екі санат енгізілді: мүгедек балалары бар отбасылар; 1 және 2-топтағы мүгедектігі бар адамдар.
Екіншіден, Үкімет енгізілген заң жобасында мемлекеттік тұрғын үй қорынан иелік ететін тұрғын үйлерді меншігіне өтеусіз алуға қолданыстағы құқықты алып тастау ұсынылған. Бүгінгі таңда азаматтардың 11 санаты осындай құқыққа ие.
Бұл баспанаға мұқтаж, бірақ өз мүмкіндіктерімен тұрғын үй мәселесін шеше алмайтын азаматтарымыздың жекелеген санаттары. Мысалы: соғыс ардагерлері сияқты; 1 және 2 топтағы мүгедектер; қызмет барысында қаза тапқан әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасы мүшелері; ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтар сияқты.
Жұмыс тобында депутаттар өздеріне тиесілі тұрғын үйлерді меншігіне өтеусіз алуға қолданыстағы нормаларды сақтап қалды.
Үшіншіден, депутаттар жұмыс тобы шеңберінде халықтың әлеуметтік осал топтарына мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында мынандай түзетулер енгізіп отыр.
Олар:
-сатып алу құқығынсыз жалға берілген тұрғын үйді жекешелендіру құқығын беру;
-сондай-ақ, апатты тұрғын үйдің орнына берілген тұрғын үйді жекешелендіру бойынша түзетулер.
Сонымен қатар, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша адамдардың мүдделерін қорғау мақсатында, «жесірлер (тұл ер адамдар)» санаты халықтың әлеуметтік осал топтарының тізбесінде жеке санат ретінде белгіленді.
Үкімет те депутаттардың жоғарыда аталған барлық түзетулерін қолдады.
Төртіншіден:
-тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары аясында;
-азаматтарды есепке қою мен тұрғын үйлерді бөлудің жаңа тәртібі белгіленген.
Бұл жұмысты жергілікті атқарушы органдардан «Отбасы» банкісіне беру және банктті ұлттық даму институтына айналдыру көзделеген.
Бұл дегеніміз:
екінші деңгейдегі банктер санатынан және депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінен;
сондай-ақ реттеуші уәкілетті органдардың (яғни Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің) қадағалауындағы субъектілер қатарынан шығару қарастырылған.
Заң жобасының осы нормаларына сәйкес жұмыс тобында талқылау әлі жалғасуда!
Бесіншіден, заң жобасының кондоминиум объектісін басқару органдарының қызметін және көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару тетіктерін жетілдіру жөніндегі жекелеген ережелері Парламент депутаттары бастамашылық еткен басқа заң жобасына көшірілді және қазіргі уақытта іске асырылуда.
Жалпы заң жобасы бойынша комитеттер мен депутаттардан 379 түзету келіп түсті.
Мүдделі мемлекеттік органдар, қоғамдық және сараптамалық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының он тоғыз отырысы өткізілді.
Мәжілістің барлық комитеттері осы Заң жобасы бойынша қорытындылар берді.
Құрметті депутаттар!
Осы заң жобасын бірінші оқылымда қолдауларыңызды сұраймыз. Назарларыңызға рақмет.