2023 жылғы 14 маусымда жарияланды
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрінің бірінші орынбасары
Р. В. Склярға
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Роман Васильевич!
«Қалбатау-Майқапшағай» бағыты бойынша 415 шақырымдық жол бүгінгі күнде Абай облысы бойынша 197 шақырым, Шығыс Қазақстан облысында 218 шақырымды құрайды. Бұл жол Қытай Халық Республикасының қаржыландыруымен салынуда.
Жұмыс 2016 жылдың шілде айынан 2024 жылдың қарашасына дейін аяқталуы керек еді. Бірақ осы жеті жылдың ішінде бар салынғаны 156 шақырым ғана. Ол Майқапшағайдан Ақ мектепке дейінгі ара қашықтық, оның өзі де үзік-үзік, тек биылғы жылы ғана толығымен аяқталуы тиіс. Бұл аталған бес лотты Қытайдың «Синь-Синь» компаниясы салуда. Абай облысының Көкпекті, Ақсуат аудандары, Шығыс Қазақстанның Тарбағатай, Зайсан, Марқакөл аудандары ешқайда не ауруханаға, не тауар тасымалына қатынаса алмай отыр.
Бүгінде «Майқапшағай» кедені жұмыс істеп тұр, транзиттік жүк тасымалдаушылар апталап осы жолдың бойында қиындық көруде. Өзіміздің халықты айтпағанда, шет ел жүргізушілерінің біздің еліміз туралы не ойлайтыны белгілі.
Сонымен қатар «Өскемен-Алтай-Рахман қайнары» жолы, айтылған шекаралық аймақтарға айналып өтетін жол құрылысы да, сақалды құрылысқа айналды.
Бұл құрылысқа да қаржыландыру қарастырылмаған.
«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында шекаралық аудандарды басым дамыту мәселесі ерекше көрсетілген.
Аталған жол құрылыстары шекаралық аудандардың инфрақұрылымы болып табылады!
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, келесі сұрақтарға жауап беруіңізді сұраймын:
«Қалбатау - Майқапшағай» автомобиль жолын қайта жаңарту және «Талдықорған - Қалбатау - Өскемен» автомобиль жолын қайта жаңарту нысандарын толыққанды аяқтау үшін Үкімет қандай шаралар қолдануда?
Аталған нысандар нақты қашан аяқталады деп жоспарлануда?
«Өскемен-Алтай-Рахман қайнары» жолын қаржыландыру қашан басталады?
Жауапты «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңына сәйкес белгіленген мерзімде беруіңізді сұраймын.
Құрметпен,
Қазақстан Республикасы
Парламент Мәжілісінің депутаттары,
«AMANAT» Партиясы
Фракциясының мүшелері
Ұ. Тұмашинов
Н. Сабильянов
Е. Саиров
Орынд. К.Камысбаева
74-62-45