Мерзімді әскери қызметтегі cарбаздарға білім жеңілдіктері мен «кредиттік каникулдар» тақырыбында Парламент Мәжілісінде еліміздің барлық әскерлері мен әскери құралымдарының мерзімді қызметтегі әскери қызметшілеріне білім және өзге де жеңілдіктер беру туралы Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген тақырыптық отырысы өтті. Іс-шараның жұмысына Мәжіліс депутаттары, Президент Әкімшілігінің Қауіпсіздік және құқық тәртібі бөлімінің, ҰҚК Шекара қызметінің, Қорғаныс, Ішкі істер (Ұлттық Ұлан), Төтенше жағдайлар, Ғылым және жоғары білім, Әділет, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, сондай-ақ ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшылығы қатысты. Тақырыптықкездесудің өзектілігі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтыңөткен жылы әскерді одан әрі дамыту мәселелері бойынша кеңесте әскери қызметшілердің әлеуметтік мәртебесін көтеру, әскери қызметтің беделін арттыру және жастарды әскери борышын атқаруға уәждеу бойынша шаралар қабылдауға тапсырма беруінен туындап отыр. Осы тапсырманы орындау үшін қорғаныс ведомствосы мерзімді әскери қызметін өткергендерге биылдан бастап білім жеңілдіктерін беру бойынша заң жобасына бастамашылық жасаған болатын. Бұл бастаманы еліміздің 73 жоғары оқу орны қолдады. Тиісті меморандумға қол қойылды. Бұл – барлық қазақстандық ЖОО-ның жартысы (146). Негізгі идеясы–мерзімді әскери қызметін өткерген азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету. Кешегі сарбаздар еліміздің жоғары оқу орындарына және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелеріне (оның ішінде күш құралымдарының жоғары оқу орындарына) ҰБТ-ны есепке алмастан ақылы негізде түсуге мүмкіндік алады. Мерзімді әскери қызметін өткерген кезеңде жауынгерлік даярлықта, жүктелген міндеттерін атқаруда үздік нәтижелерге қол жеткізген және жоғары әскери тәртіпті көрсеткен азаматтарға ҰБТ-ны тапсырмастан жоғары оқу орнының гранты бойынша тегін оқу құқығы беріледі. Мерзімді әскери қызметін өткерген әскери қызметшілер де тегін және түсу емтихандарынсыз жоғары оқу орнының әскери кафедрасында оқи алады. Білім алу үшін жоғары оқу орындары шамамен 3000 орын бөлетін болады. Қорғаныс министрлігінің жобасын өзінің құрылымында әскері және әскери құралымдары бар барлық мемлекеттік органдар қолдады. Олардың пікірінше, бұл жаңашылдықты заңнамалық деңгейде регламенттеу қажет. Өз кезегінде, бейінді Комитеттің мүшесі, депутат Ерболат Саурықов әскердің беделін арттыру және жастарды әскери борышын атқаруға уәждеу тек білім жеңілдіктері мен «кредиттік каникулдар» берумен шектелмеуі тиіс деп атап өтті.Аталған мәселені басқа да тетіктерді пайдалана отырып, кешенді түрде шешу керек. Бұл пікірді Президент Әкімшілігінің Қауіпсіздік және құқық тәртібі бөлімінің меңгерушісі Алексей Калайчиди де қолдады. Іс-шараға қатысушылар барлық әскер мен әскери құралымдардың мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне білім және өзге де жеңілдіктер беру мәселесі қосымша түрде егжей-тегжейлі және терең зерделеуді, бірыңғай біріктірілген ұстанымдыпысықтауды және міндетті түрде заңнамалық регламенттеуді қажет етеді деген ортақ пікірге келді.
_________________________________________________________
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі
Ақпарат көзі: https://www.parlam.kz/kk/mazhilis/committee-works/committees-meetings/3
Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі