Елімізде отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу арқылы ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету бірінші орынға шығып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның аграрлық секторын индустрияландыру аясында 3 жылда агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін арттыру міндеті жүктеген болатын.
Бүгін Астанада «Ауыл» ХДПП Төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев «Aitas KZ» АҚ жұмысымен танысты.
Республикамыздың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ауқымды үлес қосып, елдің тұрақты дамуы үшін еңбек етіп келе жатқан бұл ұжым — агроөндіріс саласындағы ірі холдингтердің бірі. «Aitas KZ» АҚ сыртқы байланыстар бойынша вице-президенті Р.Тоқсейітова холдинг қызметінен ақпарат берді.
Кездесу барысында Партия Төрағасы Мәжілістегі фракция жұмысы жайлы айта келе, партияның сайлауалды бағдарламасында айтылған кейбір мәселелердің орындалу барысымен таныстырды, Агробанк құру мәселесіне тоқталды. «Егер «Ауыл» партиясының осы бастамасы жүзеге асса, ол қазіргі кездегі ірілі-ұсақты микрокредиттік мекемелер мен аграрлық кредиттік корпорациялардың атқарып жатқан жұмысын бір жерге топтастырып, бір терезеден қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Сонда фермерлер, шаруа қожалық иелері несие алу үшін әр есікті қағып жүрмей, бір ғана банкке келіп мәселесін шешуге мүмкіндік алады», - деді Серік Егізбаев.
Кездесуде түрлі тыңайтқыштардың пайдасы мен зияны жайлы айтылды. Үкімет тарапынан химиялық тыңайтқыштардың субсидияланатыны, ал органикалық тыңайтқыштарға субсидия мүлде қарастырылмағаны да сөз болды. Кәсіпорын өкілдері шынайы сектордағы осы мәселені заңнамалық тұрғыдан шешу қажеттілігі бар екендігін алға тартты.
Серік Егізбаев бұл бағытта бірлесіп жұмыс жасауға шақырды. «Партия әрқашан еңбек ұжымдарымен, ғалымдармен, өндіріс өкілдерімен бірлесіп жұмыс жасауға қуана келіседі. Осы жерде айта алмай қалған ойларыңыз болса, партия офисіне келіңіздер, бірлесіп шешуге тырысамыз», - деп сөзін қорытындылады.