2023 жылғы 30 мамырда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті жұмыс жоспарына сәйкес «Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік жүйелерінің жай-күйі туралы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Оған мүдделі мемлекеттік органдар, әкімдіктер, өңірлік білім басқармалары және тәуелсіз сарапшылар қатысты.
Дөңгелек үстелде балабақшаларда, мектептерде және басқа да білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзекті, әрі жүйелі мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, білім беру ұйымдарын қауіпсіздік жүйелерімен (бейнебақылау, «дабыл бастырмасы», күзет) 100% қамтамасыз ету қажеттілігі мәселелері көтерілді.
Депутаттар күзет агенттіктерінің жұмысын ұйымдастыруға қойылатын бірыңғай талаптарды әзірлеу қажеттігі туралы айтты. Бүгінгі таңда 14 520 білім беру ұйымдарында (7 379 жалпы білім беретін мектеп, 640 колледж және 6 483 мектепке дейінгі ұйым) 272 523 бейнекамера орнатылған.
Оның ішінде 3 388 мектеп (64 мың камера), 199 колледж (5 мың) және 960 мектепке дейінгі ұйым (18 мың) ЖБО-ға және полицияның кезекші бөлімдеріне қосылған. Бұл ретте бейнекамераларды шығару бойынша төмен көрсеткіштер келесілерде байқалады:
- мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында - Ақтөбе (418 - ден 5 - і) - 1%; Жамбыл (254-тен 5-і) - 2%; Алматы (626-дан 0-і) - 0% облыстарында;
- орта білім беру ұйымдарындағы үлес: Ақтөбе (412 - ден 78) - 19%; Алматы (425 - тен 73) -17%; Қарағанды (420 - дан 71) - 17%; Батыс Қазақстан (379-дан 92) - 24% облыстарда;
- техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы үлес: Жамбыл (18 - ден 1) - 6%; Абай (37 – ден 0) - 0%; Алматы (41-ден 0) - 0%, облыстарда.
Сондай-ақ, депутаттық корпус тамақтандыруды ұйымдастыру кезінде өнімдердің сапасы, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігі және білім беру ұйымдарында дезинфекция, дезинсекция, дератизация жүргізу кезінде пайдаланылатын құралдардың қауіпсіздігін және олардың денсаулыққа әсерін қамтамасыз ету бойынша сұрақтарды көтерді.
Сонымен қатар, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшелері білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар айтты.
Осылайша, депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына бастамашылық етті.
Егер сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жылдық көлемі АЕК-тің 100 еселенген мөлшерінен аспайтын болса, мемлекеттік мектептерге, балабақшаларға, колледждерге бір көзден мемлекеттік сатып алу тәсілімен шарттар жасасуға, сондай-ақ баға шешуші фактор болып табылмайтын және сатып алу шарты 1 жылға емес, 3 жылға дейін жасалатын, күзет ұйымдарының көрсетілетін қызметтерін сатып алудың ерекше тәртібін қолдануға мүмкіндік беретін түзетулер ұсынылды.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың жергілікті атқарушы органдарын аталған білім беру ұйымдарының жай-күйін олардың авариялылығына және (немесе) сейсмикалық орнықтылығына әрбір 5 жыл сайын тексеруді қамтамасыз етуге міндеттейтін түзетулер ұсынылады.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша ұсынымдар әзірленіп, мүдделі мемлекеттік органдарға жолданды.