2023 жылғы 9 маусымда «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық Ұлттық жобаларын іске асыру барысы туралы" тақырыбында Комитеттің кеңейтілген тақырыптық отырысы өтті.
Оған Мәжіліс депутаттары – Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшелері, мүдделі мемлекеттік органдардың, әкімдіктердің, өңірлік білім және денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері қатысты.
Отырыста: Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Ж. Қ. Бүркітбаев – «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылу барысы туралы; Қазақстан Республикасының Білім вице-министрі А. Б. Ілиясов – «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасының іске асырылу барысы туралы; «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Г. Т. Малгаздаров «Жайлы мектептерді салу және пайдалануға беру кезеңдері туралы»; ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ж.Д. Сүлейменова Сыныптарды және үш ауысымды мектептерді қайта жасақтау мәселелері, сондай-ақ ұлттық жоба шеңберінде салынған мектептерді салу сапасы мен уақтылы пайдалануға беру туралы сөз сөйледі.
Депутаттар құрылыс объектілерін барлық қажетті құжаттамамен уақтылы қамтамасыз ету (ЖСҚ әзірлеу, оларды жергілікті жерге байланыстыру), жер учаскелерінің болуы, мердігерлік ұйымдарды айқындаудың ашық рәсімдерін айқындау, құрылыс барысын тұрақты бақылауды қамтамасыз ету қажеттілігі мәселелерін көтерді. Сондай-ақ, жаңадан іске қосылатын мектептер мен ауруханаларда жұмыс істеу үшін тиісті кадрларды даярлау қажеттігі жөнінде шаралар ұсынылды.
Отырыс қорытындысын Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы А. Қ. Аймағамбетов қорытындылады.