2023 ж. 14 маусымда жарияланды
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрі
Ә.А. Смайыловқа
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Әлихан Асханұлы!
Менің Сізге шұғыл сауал жолдауымның себебі жоғарыда Мәжіліс депутаттарының атынан сөз алған әріптесім Нұртай Сабильяновтың сауалын қолдау.
Абайдағы жағдайды бірге барып өз көзімізбен көрдік. Бізге керегі – жауаптың нақты, әрі жүйелі болуы.
Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігін сынға алып, министрді қызметінен босатып, облыс әкіміне сөгіс жариялағаны өте орынды қадам.
Өздеріңіз білгендей тосыннан келген апат бір емес 14 адамның өмірін алып, 60 мыңнан астам гектарға жуық орманды алқапты отқа орады. Өрт бір аптаға жуық уақыт бойы бірнеше облыстардың құтқарушылары мен техникалары көмекке келсе де ауыздықталған жоқ.
Себебі, біздің Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік мұндай апатты өз күшімен қайтаруға қауқарсыз болып шықты. Оған негіз де жоқ емес, жылдар бойы әртүрлі депутаттық сауалдарға Үкімет тарапынан «Үкімет өртке қарсы қорғауды толық қамтамасыз етуге дайын. Жағдай Үкіметтің тұрақты бақылауында» - деген жауаптар алып келеміз. Мысалы, менің қолымда Р.В. Склярдың атынан келген жауап бар. Меніңше бұл нағыз салғырттық!
Ендігі кезекте біз атүсті жауапқа қанағаттанбаймыз. Осы ретте, Мәжілістің атынан жіберілген сауал, бұл барлық депутаттардың үні.
Сондықтан, шала, жаңсақ жауапты біз қайтарып жібереміз. Керек болса, осында келіп жауап бересіздер! Біз мұны талап етеміз!
Құрметпен,
Парламент Мәжілісі депутаттары
Р. Заитов
Н. Сабильянов
М. Толықбай
С. Нұртаза
Орын.:Адылханова М.
тел.74-61-29