2023 ж. 4 қазан жарияланды
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары-Қаржы министрі Е.К. Жамаубаевқа
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Ерұлан Кенжебекұлы
Бүгінгі қоғамның дерті, жүйелі проблемалардың бастауы еліміздегі – мемлекеттік сатып алу бойынша ұйымдастырылған жұмыстар. Нақтылап айтсақ, заңнаманың қитұрқы тұстары көп.
Иә, ашықтық деп айттық. Барлық мердігерде бірдей мүмкіндік берілді. Дегенмен, бір объект үшін жылдарға созылған сот процестері таусылар емес.
Соның салдарынан елімізде, оның ішінде өңірлердегі шалғай ауылдарда мыңдаған бала мектепке бара алмайды. Ал, ауыл халқы ем-домын ала алмайды, спорттық, мәдени нысандар тұралап, жол жөнделмейді.
Мысалымыз көп, мен білетін Қалбатау – Майқапшағай тас жолы, Тұғыл ауылындағы 10 жыл бойы салынбай жатқан спорт кешені, Ақсуат ауданындағы жартылай бітпеген су бөгеті, Төрткүл ауылындағы мектеп құрылысы сияқты бітпеген нысандар жетеді.
Бұл мәселені әр ай сайын «AMANAT» фракцияның мүшелері қаперінде ұстап отыр. Халыққа Сіздер жасаған проблеманың жайын біз түсіндіріп әлекпіз!
Осы отырған әріптестерімнің өзі де, мыңдаған мысал айтып, түсін түстей алады. Солай емес пе?!
Неге, өйткені әлеуметтік маңызды объектілер мердігерлердің бақай есебінен, жеке мүддесінен аспағандықтан соттасудан көз ашпай жатыр.
Қыс мезгілі де келіп қалды, шалғайдағы ауылдардың жолын қар басып, мекемелер жылусыз қалып, халық қиналса оған кім жауапты болмақ?
Ал енді, Мемлекет басшысы қайта тапсырма беріп. «Жаңа заңды дайындаңдар, мейлінше халыққа оңтайландырыңдар» - деді.
Ал, заңның жаңа жобасы әлі Мәжіліске келмеді. Біз тек сұлбасын көрдік.
Заңның «сұлбасы» қандай:
Менің түсінгенім бойынша, заң тек «рамочный». Бұл қалай, яғни заңның маңызды тетіктері нормативтік-құқықтық актілер деңгейіне түсірілген.
Барлық мәселе тек Үкімет пен әкімдік арқылы шешілетін болады. Оған қазіргі жасалған заңның жаңа жобасы негіз бола алмайды.
Алда жаңа министр келсе, өзіне ыңғайлы, болмаса министрліктегі мүдделес қызметкерлерге оңтайлы өзгерістер жасай береді.
Құрметті Үкімет мүшелері!
Аштық келетін елде – нан қадірсіз!
Соғыс келетін елде – жан қадірсіз!
Бүлік келетін елде – заң қадірсіз.
Еліміздің Конституциясы мен заңдарынан биік құжат жоқ. Сондықтан, ел мүддесін қорғайтын заңдарға келгенде – өз еріктеріңізбен қазаншы болуларыңызды тоқтатуды сұраймын.
Ертең дау туғанда, проблема болғанда халықта, мердігерде «AMANAT»-тың депутаттарын іздейді. Сол үшін әрбір мәселе заң деңгейінде пысықталуы қажет.
Бізге «рамочный» заң керек емес. Әлі де уақыт бар.
Айтарымыз біреу ғана – аталған заңды қайта қарастыру қажет!
Құрметпен,
Парламент Мәжілісі депутаттары
Р. Заитов
А. Әлтай
Е. Бапи
Д. Мұқаев
Н. Тау
М. Толықбаев
М. Жайымбетов
Орын.Адылханова М.
тел.74-63-48