Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің кеңейтілген тақырыптық отырыс өтті.
Іс-шараға Мәжіліс депутаттарымен қатар Энергетика министрлігінің және «QazaqGaz» ұлттық компаниясының басшылары қатысты.
Отырысты ашқан комитет төрағасы Еділ Жаңбыршин депутаттарды министрліктің және «QazaqGaz» ұлттық компаниясының өткен кезеңдегі қызметінің қорытындыларымен таныстырып қана қоймай, одан әрі дамуды талап ететін мәселелерді қарастыру екенін айтты.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев өткен жылы газ саласында реформа жүргізілгенін баяндап, жер қойнауын пайдалану саласында жақсартылған модельдік келісімшарт қабылданғанын айтты.
– Қабылданған реформалар газдың ресурстық базасын ұлғайтуға және газ саласына инвестициялар тартуға бағытталған. Нәтижесінде біз 2029 жылға қарай шамамен он миллиард текше метр газдың қосымша өсімін күтеміз, – деді министр.
Сонымен қатар А. Сәтқалиев бүгінгі таңда Қашаған мен Жаңаөзенде жаңа газ өңдеу зауытын салу туралы шешім қабылданғанын айтты.
Депутат А.Зейнуллин аталған тақырып бойынша министре сұрақ қойды. Атап айтқанда:
«Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігіне негізделген даму курсы» атты «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының сайлауалды бағдарламасында партия ауылдық елді мекендерді газдандыруды ұлғайтуды көздейді.
Мәселен, халықты газбен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы 142 жоба іске асырылып, газдандыру деңгейі 59% пайызды құраса, ағымдағы жылы 56 елді мекеннің 167 мың тұрғынын газбен қамтамасыз ету үшін 86 жоба жоспарланып отырғаны белгілі.
Осы орайда елді-мекендерді 2030 жылға дейін газдандырудың бас схемасы шеңберінде жүзеге асырылатынын ескере отырып, осы жылы жоспарланған 56 елді мекеннің қаншасы қазіргі күні газбен қамтамасыз етілген? Жалпы жоспар бойынша жылдың соңына дейін газға қосылмау, яғни уақтылы кезеңде олардың орындалмау қаупі бар ма? Егер бар болса, оларды болдырмау мақсатында қандай тиімді шаралар қолданылады?
Министр аталған сұраққа толыққанды жауап берді.
Жиынды қорытындылаған Еділ Жаңбыршин тауарлық және сұйытылған газдың ресурстарын ұлғайту, елді газбен қамтамасыз ету, газ саласындағы инвестициялық тартымдылықты арттыру, алауларда ілеспе газды жағуды және кері айдауды қысқартуға ынталандырушы тәсілдер кешенін әзірлеу қажет екенін атап өтіп, мемлекеттің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету ең басты міндет екенін айтты.