Астық алқаптарының 28% ғана жиналды – диқандар жауыннан көз ашпай отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Келер жылы Қазақстанда егістікке тұқым табылмауы мүмкін. Бұл мәселені Мәжіліс депутаты Аян Зейнуллин Парламентте көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Депутат ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа сауал жолдады.
«Астық өндірісіндегі биылғы жағдай көңілге үрей ұялатып, шаруаларды ғана емес, күллі ауыл жұртын алаңдатып отыр. Бүгінде астық алқаптарының 28 пайызы ғана жиналып алынған. Былтыр, дәл осы кезеңде бұл көрсеткіш 2 есе жоғары болатын. Бұған дейін құрғақшылық құрсауында болған диқандар қазір науқан қызатын шақта жауыннан көз аша алмай, табиғаттың кезекті соққысына тап болуда», - деді «Ауыл» фракциясының депутаты.
Сонымен бірге, депутат келесі жылы бидай мен арпа тапшылығына ұшырауымыз мүмкін екенін айтуда. Себебі көктемде егілетін тұқым көлемі қажеттіліктің 10/1 бөлігін ғана қамтамасыз етуі мүмкін.
«Нақты жағдаймен танысу үшін жақында Қазақстанның солтүстік облыстарындағы 16 шаруа қожалығын аралап шықтым. Қамбада тұқым жоқ! Азық-түлік келісім шарт корпорациясында жатқан 362 мың тонна астық тауарлық бағытта, тұқым ретінде пайдаланып жатсақ сапасы төмен болады. Шаруашылықтардың оны екпейтіні белгілі. Мемлекет меншігіндегі ғылыми институттар, тәжірибелік станциялар мен шаруашылықтардың аз да болса тұқым өндіретін мүмкіндіктері бар. Алайда олар мемлекет тарапынан тұрақты қаржылық қолдау көрмеген соң қолда бар егіс алқаптарды тұқым өндіру емес, пайдасы көп дақылдар егіп, «жан бағу» мақсатында пайдаланып жүр», - деп түсіндірді А. Зейнуллин.
Ресми деректерге сәйкес, соңғы 5 жылда олардың тұқым өндіру көлемі бірнеше есеге төмендеген (2022 жылы аталған ғылыми ұйымдарда 60 мың тонна тұқым болған, оның тең жартысы элиталық, қалғаны 1-2 репродукция).
«Сорақысы сол, ғалымдардың айтуынша, бүгінде тұқым шаруашылықтарымен айналысатын ғылыми мекемелерде ұрлық етек алған. Тұқымды алқаптан тікелей сатып жіберу, нақты орақ мәліметін әдейі жасыру немесе төмен етіп көрсету фактілері бар. Қиын-қыстауда дән сатып алатын көршіміз Ресейдегі жағдай да мәз емес. Олар өздеріндегі проблемалардың алдын алу үшін экспортқа тұқым шығаруды шектеуі мүмкін. Алдағы егіс жұмыстарына қажет тұқым көлемі сапасы мен сан жағынан да қаншалықты қамтамасыз етілген? Оған кімдер жауапты? Ертеңгі күні мәселе шешілмесе, олар қатаң жауапкершілікке тартыла ма?», - деп сауал жолдады депутат.
https://www.inform.kz/kz/astyk-alkaptarynyn-28-gana-zhinaldy-dikandar-zhauynnan-koz-ashpay-otyr_a4111100