Зейнуллин
Аян
Талғатұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
«Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жасау туралы» тақырыбындағы Үкімет сағатындағы баяндамасы

Рахмет, құрметті Дания Мәдиқызы!

Құрметті әріптестер!


Бүгінгі таңда «Ауыл» партиясы депутаттарын еліміздегі жастар, әсіресе ауыл жастарының есірткі қылмысына қатысты мәселелері қатты толғандырады.

Осы орайда менің әріптестерім де Үкімет тарапынан аталған сұрақты шешуді қажет ететін мәселелерге қатысты бірнеше өзекті депутаттық сауалдарын жариялаған болатын. Олардың қатарында:

- жастар арасындағы синтетикалық есірткінің тез таралуы;

- оны тұтыну қарқынының өсуі мен жаңа психоактивті заттардың пайда болуы;

- жаңа кезеңде құқық қорғау органдарының есірткі бизнесіне қарсы тұруға толыққанды дайын еместігі және т.б.

Өкінішке орай, елімізде есірткі қылмысы тек қалалық жерлерде ғана бар деген теріс ұғым қалыптасқан сияқты. Жастары жұмыссыз, инфрақұрылымы әлсіз, әлеуметтік проблемалары өршіп тұрған әр елді-мекенде есірткі қылмысы бар екенін жасырмауымыз керек. Тіпті терең тексерістер жүргізілсе, есірткі  контрабандасы, заңсыз өндіріс және тұтынудың ауылдық елді мекендерде де кең етек жайғанына көз жеткізуге болады.

Бұл қылмыс деңгейінің жоғарылауы, қоғамдық қауіпсіздіктің нашарлауы және ауыл тұрғындарының денсаулығына кері әсер тигізу сияқты бірқатар күрделі мәселелерге әкеледі.

Ауылдық жерлерде есірткі қылмысы проблемасын шешу үшін бірнеше кешенді шаралар қажет, олардың қатарында:

- қолжетімді білім беру және кәсіптік мүмкіндіктер жасау;

- ауыл тұрғындарын қолдауға бағытталған инфрақұрылым мен әлеуметтік бағдарламаларды дамыту;

- ауыл тұрғындары, әсіресе ауыл жастары арасында профилактикалық жұмыстар жүргізу және есірткінің зияны туралы ақпараттық іс – шараларды күшейту.

Сонымен қатар, жергілікті билік органдары мен құқық қорғау органдарының есірткі қылмысына қарсы күрестегі рөлін нығайту. Сондай-ақ ауылдық жерлерде есірткіні заңсыз өндіру мен таратуды жою жөніндегі шараларды жетілдіру маңызды.

Осы орайда «Ауыл» партиясы есірткіге қарсы күреске байланысты барлық күш-жігерді тек қала тұрғындары, соның ішінде қала жастарына ғана бағыттамай, ауылға да ерекше назар аударған жөн деп санайды. Ежелден ұлттық құндылықтар мен дәстүрлеріміздің бесігі болған ауылдарымызды қазіргі заманның дауасыз дертіне айналған есірткі мен нашақорлық індетінің құрсауына берсек, ұлт болашағына қауіп төнетіні анық. Сондықтан да ауылдық жерлерде жастар арасында есірткіге қарсы профилақтикалық және құқықтық іс – шараларды күшейту керек деген ойдамыз.

Назарларыңызға рахмет!