Көкшетауда Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Мәди Тәкиевтің жетекшілігімен комитеттің көшпелі отырысы өтті. Депутаттар министрлік өкілдерімен және өңір басшылығымен бірлесіп, бюджетаралық қатынастар жүйесін жетілдіруді талқылады. Отырыста еліміздің өңірлері арасындағы бюджетаралық қатынастарды нығайту және республикалық көрсеткіштер шеңберінде әр облыстың бәсекеге қабілеттілігі мәселелері талқыланды. Өңірлерде халықтың жағдайын жақсарту мақсатында оларды дамытудың заманауи тәсілдері қарастырылды. Жиында Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин мен Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков бюджетаралық қатынастарды жетілдірудің жаңа тәсілдері туралы баяндады. Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы және өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және тұрғын үй құрылысы салаларындағы оң өсу серпіні туралы айтты. Өз кезегінде, облыс әкімінің орынбасары Азамат Тайжанов бюджетаралық қатынастарды реформалау және оларды облыста іске асыру туралы айтып берді. Сонымен қатар депутаттар мен мемлекеттік органдардың өкілдері медициналық, ауылшаруашылық және спорттық бағыттағы бірқатар нысандарды аралады. Көшпелі отырыстың қорытындысы бойынша депутаттар бюджетаралық қатынастар саласындағы проблемалық мәселелерді бақылауына алды. Уәкілетті органдар жергілікті бюджетті дамыту бойынша одан әрі жоспарлы түрде жұмыс жүргізетін болады.