Көктем және жаз айларында қысқы жылу беру маусымына мұқият дайындалу қажет. Бұл Мемлекет басшысының бақылауында. Үкіметке де қатаң тапсырды. Біз де мәселенің мән-жайын біліп, қадағалап отыруымыз қажет.
Осы мақсатпен Қызылорда қаласындағы Жылу электр орталығының жұмысымен таныстық. 2023-2024 жылдардағы жылу беру маусымына дайындығын назарымыздан өткіздік. Оған тиісті қаражат қарастырылған.
ЖЭО-да жақсы жаңалықтар бар. Оны айрықша атап өткім келеді. Биыл 12,5 шақырым жылу желісі жөнделеді деп жоспарланып отыр. Бұл үшін 9,1 млрд теңге қаржы бөлінген.
Соның ішінде, 8,1 млрд теңге — республикалық бюджет есебінен. Бұған 6 жоба бойынша 6,59 шақырым жылу желілері жаңғыртылады.
Бюджеттік несие есебінен (922,7 млн теңге) 2 жоба бойынша 2,3 шақырым жылу желілері жаңарады.
Кәсіпорынның өз қаражаты есебінен (41,3 млн теңге) 3,6 шақырым құбыр ауыстырылады.
Бұл жұмыстар жылу желілерінің тозу деңгейін төмендетеді.
Сонымен қатар, жылу желілерінің құбырларында барлығы 161 ақау анықталыпты. Қазіргі таңда 71 ақау қалпына келтірілген, яғни 44 пайызы. Қалғаны бойынша жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Осы саланың маманы ретінде жағдайға әділ баға берер болсам, Қызылорда облысы жылу желілерін жаңғырту жөнінен республикада көш ілгері келе жатыр.
Біздің облыста ТМД елдерінде теңдесі жоқ заманауи жаңа жылу электр орталығын салу жобасы қолға алынғанын да мақтанышпен айта аламыз. Бұл аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының елеулі бастамасы. Республикада алғаш болып, Қызылорда облысында іске асып жатыр.
Дәлірек айтсақ, бүгінде Қызылорда қаласында құны 215 млрд теңгені құрайтын, қуаттылығы 240 мегаватқа жететін жаңа жылу электрстанциясын салу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Түрік ағайындармен бірлескен жоба жуық арада жемісін бермек. Қазіргі таңда Қызылорда қаласында «Акса Энерджи Уретим Аноним Ширкети» компаниясының филиалы ашылып, жоба-сметалық құжаттамалары әзірлену үстінде. Тіпті, бас жобалаушы болып швейцариялық «AFRY» компаниясы таңдалып, компания жерді тегістеп, инженерлік-геодезиялық жұмыс, қондырғы өндірушілермен келісім-шарттар жасауда. Осы жоба 2025 жылы аяқталмақ.