Жайымбетов
Мархабат
Жайымбетұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Сыр өңірінде халықпен кездесу

Елді мекендерді аралап, жүзеге асып жатқан жобалардың жай-күйін таразылап шығамыз. Тұрғындармен кездесіп, талап-тілектерін тыңдаймыз.


Жұмыс сапарым Арал ауданынан басталды. Әуелі, Арал қаласында жаңадан салынып жатқан темір жол арқылы өтетін автожол көпірінің құрылысымен таныстық. Бүгінде аудан орталығында 40 мыңға жуық адам тұрады. Темір жолдың екі бетінде қоныстанған. Пойыз өткен сайын өткел жабылып, екі шақырымдық көлік кептілісі қалыптасады. Соның салдарынан тұрғындар біраз уақытын жоғалтады. Әсіресе, жедел жәрдем, өрт сөндіру, құқық қорғау органдарының қызметіне орасан зор кедергісін келтіреді. Аралдықтарды көптен бері алаңдатқан осы мәселе шешілейін деп тұр. Шойын жолдың үстінен көпір салынып жатыр. Ұзындығы 940 метр. Көпірдің екі қапталында жаяу жүргіншілер жүретін жолақ болады, жарық шамдар орнатылады. Жоба құны 3 млрд теңгеден асады. Құрылыс биыл басталды. Мердігер компания өкілі алдағы жылы көпірді ел игілігіне беруге уәде берді.

Сонымен қатар, құрылыс басында ауданның құрметті азаматтары, ардагерлер Әбілбай Садықбаев, Әділбек Айымбетов ағаларымыз бастаған азаматтармен пікірлестік. Өлкедегі өзекті мәселелерді талқыладық.