Жайымбетов
Мархабат
Жайымбетұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
СЕКСЕУІЛ КЕНТІНЕ САПАР

Сексеуіл кентінде болдық. 12 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекенге жаңа аурухананың қажеттігі көптен көтеріліп жүрген. Сол мәселенің шешімі табылып, 40 төсекке шақталған аурухананың құрылысы биыл көктемде басталған болатын. Нысан 8 ай ішінде бітуі тиіс. Алайда, құрылыс алаңында болғанымызда мердігер («Интегростой» ЖШС) аурухананы межелі уақытта ел игілігіне бере алмай ма деген күмән келді. Өйткені жұмысы баяу, мардымсыз. Ғимараттың қабырғасын қалау енді аяқталып жатыр. Біз өз тарапымыздан сын-ескертпемізді айттық. Құрылысты созбалаңға салмай, дер кезінде аяқтауға күш салыңдар дедік.

Возможно, это изображение 7 человек, поезд и текст «тех вода»

Мемлекет қазынасынан бөлініп жатқан әр тиынның сұрауы бар. Халық көріп-біліп отыр. Жауапкершілігі төмен мердігердің кесірінен адамдардың жергілікті атқарушы органдарға, жалпы билікке деген сеніміне селкеу түсуі мүмкін. Мұндайды болдырмауымыз қажет.

Сексеуіл кентінде жаңадан салынған ашық спорт алаңымен де таныстық. Бұған облыстық бюджеттен 72,3 млн теңге жұмсалған. Мердігер («Намыс-Құрылыс» ЖШС) барлығын сапалы жасауға тырысқан. Көңілден шықты. Дегенмен футбол қақпасын мықтап бекітіңдер деп ескерттік. Балалар деген жай қарап тұрмайды, әрнәрсеге сүйенеді, сүйкенеді. Сондықтан қақпа осал болмауы керек, баланың үстіне құлап кетпеуі керек. Спорт алаңын салғанда ең алдымен өрендердің қауіпсіздігіне баса мән беру керек.

Возможно, это изображение 4 человека

Бұдан кейін «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында кент ішінде салынып, жөнделіп жатқан жолдарды қарап шықтық.

Сонымен қатар, кентті газдандыру барысымен таныстық. Бас мердігер – «AKBARS STROY Ltd» ЖШС. Жұмыс қарқынды. Қазіргі таңда 91 шақырым газ құбыры жүргізілген. Енді темір жол өткелінен өткізуге дайындық жасалып жатыр. Сондай-ақ, ГРШП орнатуға әзірлік жүруде. Сексеуіл кентін «көгілдір отынмен» толық қамтамасыз етуге, яғни газдандыру жұмыстарын аяқтауға 700 млн теңгеден астам қаржы қажет. Соны республикалық бюджеттен бөлдіру мәселесі күн тәртібінде тұр. Түйіткілді оңтайлы шешуге өз тарапымыздан Мәжіліс депутаты ретінде ықпал ететін боламыз.

Возможно, это изображение 6 человек и вертолет

Сексеуіл кентінің тұрғыны Ахметжан Бохановтың егістік алқабына бардық. Оған риза болдым. Жерлестеріне жақсы үлгі көрсетіп отыр. 6 гектар аумаққа маңдай терін төгіп, бақша өсірген. «Подпленка» әдісімен. Қазір өнімдерін аудан халқына сырттан келетін қауын-қарбыздан арзан сатып жатыр. Бұдан бөлек, ол 1 гектар жерге көкөніс дақылдарын егіпті. Екі жылыжайы да бар. Онда голландиялық қиярдың бірнеше сортын өсіреді. Кәсіпкер мемлекеттің жасаған мүмкіндігін пайдаланып, қайтарымсыз грантқа да қол жеткізген. Ахметжан өз отбасын асырап, табыс тауып қана қоймай, нарықтағы бағаның тұрақтануына үлес қосып жатыр. Өнімдер өзімізден шығарылса, импорттың үлес салмағы да төмендейтіні сөзсіз. Сол себепті талабы таудай осындай азаматтарды қолдауымыз қажет.