ҚАЗАЛЫҒА САПАР
Сапарымыз Қазалы ауданында жалғасты. Алдымен Басықара ауылына барып, Ә.Тыныбаев атындағы Қазалы су торабы өндірістік учаскесінде ауыл шаруашылығымен айналысып отырған кәсіпкерлермен кездестім. Шаруашылық басшылары көп мәселе айтылды.
Ең бастысы, су тапшылығы. Күрішшілер шілде, тамыз айларында күріш алқаптарына су жеткізе алмай, сергелдеңге түсетіндерін жеткізді. Соның салдарынан егінге орақ мерзімінен кеш түседі және күзгі жауын-шашынға қалдырмай ысырапсыз жинап алу мәселесі де алаңдатады.
Осы түйіткілдің түйінін тарқататын жобаларды жедел жүзеге асыруды талап етуде. Шаруашылық басшылары «Күміскеткен» және «Қараөзек» су қоймаларын салу туралы ұсынысты Үкімет, Экология министрлігі Су ресурстары комитеті алдында көтеруді аманаттады. Мәселенің өте өзекті екенін білеміз. Біз бұл бағытта қолдан келген бар мүмкіндікті жасаймыз, аянып қалмаймыз. Басқосуда аудан азаматтары егін шаруашылығын әртараптандыруға байланысты суды үнемдеу технологиясын енгізу қажеттігін айта келе, оған қажетті құрал-жабықтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе деген ұсыныстарын ортаға салды.
Сонымен бірге, Қ.Пірімов ауылындағы Қ.Күлетов атындағы №92 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарымен, жаңадан салынған спорт кешенінің құрылысымен, Әйтеке би кентіндегі 250 орындық мектеп құрылысымен таныстық.
Соңғы нысан бойынша мәселелер болғаны рас. Мердігер мекеменің жауапсыздығынан құрылысы ұзаққа созылып кетті. Алдағы күз айларында мектеп ел игілігіне табысталады деп мердігер уәдесін берді.