Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының арасы құрылыс алаңына айналыпты. Екі ортаны қосып жатқан аудандық маңызы бар автомобиль жолы қайта жаңғыртылып жатыр. Құрылыс басына барып, мамандарға жолды сапалы әрі жедел салып бітіру керектігін ескерттік. Бұл жолды салып жатқан мердігер де уәдені үйіп-төгіп беретін жауапсыз компаниялардың қатарынан. Сондықтан оның жұмысын қатаң бақылауда ұстаймыз.
Сонымен қатар, кент пен қаланың арасында әлеуметтік осал топтарға берілетін тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Барлығы 25 үй, әрқайсында 2 пәтерден болады. Баспана тұрғындарға кезегімен беріледі. Құрылыс жұмыстары аяқталса, газ, жылу, жарық та жүргізіледі.
Қазалы аудандық ауруханасында болып, дәрігерлермен жүздестік. Медицина қызметкерлеріне Парламент қабырғасында қабылданып жатқан заңдар, депутаттық сауалдар, денсаулық сақтау саласына жасалатын қолдаулар туралы баяндап, ой-пікірімізді бөлістік. Дәрігерлер жалақы, медициналық сақтандыру, яғни көрсетілетін қызметтердің тарифін көтеру мәселелерін ортаға салды. Бұл жөнінде Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік министрліктерімен бірлесе саралайтынымызды жеткіздік.
Мемлекет басшысы медицина инфрақұрылымын заман көшіне ілестіру керектігін міндет етіп қойды. Бұл бағытта Қазалы ауданында да жақсы жұмыстар атқарылып жатыр. Биыл Абай, Кәукей және Бозкөл ауылдарында дәрігерлік амбулатория бой түзейді. Соның ішінде біз Абай ауылында салынып жатқан амбулаторияның жағдайымен таныстық. Ғимараттың сапалы салынуын, белгіленген мерзімде ел игілігіне берілуін бақылауымызға аламыз.
Жалпы биыл Абай ауылында қуаныш көп екен. Соның бірі – елді мекенді газдандыру жұмысының басталғаны. Бұл да жауапты әрі ауқымды жоба. Сондықтан біз ауылды газдандыру барысын, қажетті қаржының уақытылы бөлінуін қырағы қадағалап отырамыз.
Абайлық ағайынмен дидарласып, пікірлерін тыңдадық. Оларды толғандырған басты мәселенің бірі – понтон көпірдің көнеруі. Соны жаңартып берсе деген тілегін жеткізді. Ауыл шаруашылық техникаларын алуға қолдау көрсету жөнінде ұсыныс айтты.
«Аманат» партиясының аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өткіздік.
Тұрғындардың мәселелеріне құлақ түрдік. Атап айтқанда, азаматтар Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Майдакөл, Түктібаев, Бекарыстан би ауылдарына газ құбырын жүргізу, Қызылорда – Ақтөбе бағытындағы күре жолды екі жолақтан төрт жолаққа ауыстыру, аудандағы саз карьерлерін игеруді рәсімдеу, баспана, қаңғыбас иттер мәселелерін қаперімізге салды. Осы талап-тілектердің кейбірін бұған дейін Мәжілісте көтердік, қалғанын таразылап, тиісті атқарушы органдардың назарын аударуға, оң шешілуіне күш салатынымызды атап өттік.