ЖАҢАҚОРҒАНҒА САПАР
Бүгін Жаңақорған ауданына сапар шектік. Жарты жылда ауданда өрісті істер көбейгенін аңғардық.
Әлеуметтік нысандар мен жол құрылысы қарқын алған. Абаттандыру жұмыстары да жүйелі. Кәсіпкерлік саласында даму бар. Мемлекет басшысының жолдауындағы, аймақ басшысының іс-қимыл жоспарындағы міндеттер Жаңақорғанда жоспарлы түрде орындалып жатқанына куә болдық.
Ауданға қарасты Өзкент ауылына ат басын бұрдық. Елді мекендегі бой көтеріп жатқан 150 орындық ауылдық клуб үйінің қазіргі жай-күйін бақыладық. Құрылысы биыл күзде аяқталып, іске қосылады деп жоспарланып отыр. Клуб үйі пайдалануға берілсе, болашақта ауылдан өнер, мәдениет майталмандары шығуына себеп болады деп сенеміз. Одан соң аудан орталығына келіп, «AMANAT» партиясының филиалында қоғамдық қабылдау өткіздік.
Ол жерге келген тұрғындар бірқатар өзекті мәселе көтерді. Азаматтардың бірі «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңына өзгерістер енгізу қажеттігін жеткізді. Кейбір мердігерлер мойнына алған міндетті уақытылы немесе сапалы орындамайды. Сондықтан заң жүзінде олардың жауапкершілігін арттыруды ұсынды. Сонымен қатар, қоғамдық қабылдауда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы Қожамберді ауылында салынған спорт кешеніне қатысты, елді мекендерде метеостанциялар салу, уақыт өлшемі тәртібі, колледж студенттерін әскерге алуға қатысты мәселелерді назарымызға салды.
Тұрғындардың талап-тілегін тиісті органдармен, мамандармен саралайтынымызды және оң шешілуіне күш салатынымызды жеткіздік.